Moldanazar Music Label-ның артисі Орынхан жеке концертін өткізді! Кеш қонағы Айя Шалқар мен музыкантты не байланыстырады?

Сообщить о проблеме с эфиром

Шеслана Құсаинова, @sheslana_kusainova

– Ол ерекше талғамға ие музыкант. Иә, бұл теңеу жас талант Орынханға тиесілі. Moldanazar Music Label-ның жарық жұлдызы араға жарты жыл салып, кезекті концертін өткізбек. Ендеше бізбен бірге өзгеше стильдегі акустикалық кештің куәсі болыңыз!

 

Инди-фолк жанрында ән айтатын өнерпаздардың қатары көп емес. Олардың ішінде Орынхан Рахымбеков те бар. 2020 жылы музыканттың «Dárymen» атты альбомы жарық көрген еді. Сол сәттен бастап ол қалың көпшіліктің ықыласына бөленді. Moldanazar-дың төл шәкірті бүгінде жиі жеке концерт беріп, залды тыңдарманға толтыруда. Әнші кешіне 2 ай бойы дайындалып, тіпті сахна декорациясына дейін өзі атсалысқан-ды:

Orynkhan, музыкант:

– Сахнада өзімді емін-еркін сезіндім. Бүгін тіпті керемет болды. Сахнаны өздеріңіз көріп отырсыздар алдындағыдан өзгеше. Бұны өзіміз достарымызбен түнгі 3-ке дейін өзіміз құрастырдық.

– 5-ші сәуір Астана қаласында кешіңіз өтті. Ол жақтың көрермені сізді қалай қабыл алды?

– Өте жылы. Өте жылы. Ерекше жақсы көремін.

 

«Сезімді іштей жасыра алмасам...». Иә, дәл осы махаббат жайлы су жаңа трегін Орынхан концертте шырқап, көрерменді ерекше атмосфераға бөледі. «qazir bolmasa» релизінің мәтінін орындаушының өзі, ал әуенін музыкант Ғалымжан Молданазар жазған екен.

Ғалымжан Молданазар, музыкант:

– Орынханның концерті. Орынхан жайлы айтып беріңізші?

– Орынхан керемет жігіт. Енді қанша жыл болды енді. Студияда біргеміз ғой енді. Бірге өмір сүріп жүрміз. Туған бауырымдай болып кетті. Музыкант ретінде айтатын болсам, өте керемет сазгер, керемет музыкант, болашағы үлкен музыкант деп ойлаймын.

 

 

Орынхан осыдан 6 ай бұрынғы жеке концертін кеш қонақтарынсыз өткізген еді. Ал бұл жолы артист жалғыз емес. Шара елімізге белгілі, қазақ музыка индустриясына жаңа леп алып келген талантты музыканттармен толықты:

Ғалымжан Молданазар, музыкант:

– Ерекшелігі бүгін Орынханның достары, менің достарым Аршат, dudeontheguitar, Zengir қарындасымыз өнер көрсетеді. Сонысымен ерекшеленеді деп ойлаймын.

ARShAT, музыкант:

– Бүгінгі ерекше кеште қонақ болу кімнің тарапынан болды ұсыныс?

– Негізінде Орынхан жақтан болды. Бірақ, іштей бір сондай бір ұсыныс күткен едім. Орынханмен жалпы бірге концертте бірге өнер көрсету емес, негізінде бірге ән жазсақ па деген ой болатын іштей. Себебі Орынханның өнерін өте жақсы көремін. Сондықтан да мүмкін болашақта бәлкім Орынханмен бір фит шығып қалар.

 

ARShAT пен Zengir және dudeontheguitar репертуарларындағы танымал туындыларын шырқап, жанкүйерлерінің ерекше қошеметіне бөленді. Десе де кештің сәнін келтірген тек олар ғана емес.

Асель Сағатова, актриса:

– Сізді көргенімізге қуаныштымыз. Кеш ұнады ма?

– Кеш керемет күшті өтті. Өте ұнады.

Айя Шалқар, дизайнер, модель:

– Жаңағы сахнаны бір сиқыр орынға айналдырды меніңше.

– Қай әнін ерекше сүйіп тыңдайсыз?

– Мен жеке өзім «Тау» өлеңін өте сүйіп тыңдаймын.

– 3 сөзбен сипаттап беріңізші Орынханды

Айя Шалқар, дизайнер, модель:

– Орынхан ерекше тұлға, нағыз талант, қазір жүректеріміздің барлығын жаулап алды.

ARShAT, музыкант:

– Тыныштық. Ұстамдылық. Еркектік нәзіктік.

– Орынханның қай әнін жақсы көресіз? Сүйіп тыңдайсыз?

– Уайымдама.