Мәдени астанамызда E+ Awards Орталық Азия 2025 премиясының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Еске салсақ, мұндай сыйлық компаниялар мен жарнама агенттіктеріне маркетинг саласындағы нәтижелі жобалары үшін табысталады.
Надежда Рязанцева, қазылар алқасының мүшесі, TSPM Қазақстан компаниясының маркетинг жөніндегі директоры:
– Шын мәнінде, бұл сыйлық маркетинг саласына ерекше көңіл бөлетін компания өкілдеріне арналған. Неліктен? Себебі маркетинг – сұлулық немесе эстетика емес, ол – нәтиже. Сондықтан бұл саланың тиімділігін түсінетін компаниялар ғана осы номинацияларға қатысып, жеңіске жете алады.
Айта кетейік, ағымдағы жылда «E+ Awards Орталық Азия» жобасында Орталық Азия елдері мен Ресейден келген 102 жарнама және маркетинг саласының мамандары сарапшы ретінде жұмыс атқарды.
Анна Тютькова, Орталық Азия жарнама Ассоциациясының атқарушы директоры:
– Бұл жолы қазылар алқасы құрамында Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден, Беларусьтен, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан және Әзербайжаннан келген кәсіби мамандар болды. Яғни, бұл – ТМД елдерінен құралған үлкен маркетингтік қауымдастық деп айтуға болады. Олар тәжірибе алмасып, біздің нарықты өз көздерімен көріп, инсайттарымен бөлісе алды. Бұл – барлығымыз үшін өте құнды әрі тамаша тәжірибе болды деп ойлаймын.
Өтінім берушілерді іріктеу кезеңі 2024 жылдың 9 қазанынан 2025 жылдың 28 ақпанына дейінгі уақытты қамтыған. E+ Awards Орталық Азия қатысушыларға өздерінің ең мықты кейстерін бірнеше номинацияда ұсынуға мүмкіндік берді.
Надежда Рязанцева, қазылар алқасының мүшесі, TSPM Қазақстан компаниясының маркетинг жөніндегі директоры:
– Шынымды айтсам, бізге таңдау жасау қиынға соқты. Себебі біраз кейстер болды, көптеген компаниялар қатысты, қызықты креативтер де аз болмады. Дегенмен, біз бұл номинация иегерлерін анықтаған кезде цифрлық көрсеткіштерге басымдық бердік.
Екі кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде гран при, алтын, күміс және қола марапат иегерлері белгілі болды. Сондай-ақ, жиналған ұпайлар бойынша «жылдың ең үздік агенттігі» және «ең үздік бренд» аталымдары жарияланды:
Кобилжон Бабаев, қола жүлде иегері, «Reformat» компаниясының өкілі: (Өзбекстан)
– Біз қола жүлдеге ие болдық.
– Керемет әсер. Жеңіп шыққанымыз күтпеген жағдай болды. Кейс өте қызықты болды. Яғни Өзбекстанда өндірілген шоколадтарымыз әлемдік брендтермен бәсекеге түсті.
Ал кеш қонақтары шара барысында жанды дауыста шырқалған әндерді тыңдап, ерекше атмосфераға бөленді.
«E+ Awards Орталық Азия» халықаралық мегажобасы маркетинг саласының дамуына елеулі үлес қосуда. Аталмыш шара ұжымы келесі жылы да өз үздіктерін анықтауға дайын!