Eurasian Fashion Week-тің екінші күні – сән әлемінің манифесі болды. Бұл - ешқандай стереотипсіз, Шығыс пен Батыс мәдениетінің диалогі іспеттес көрсетілім.
Әсел Акопян, «Eurasian Fashion Week» PR менеджері:
– Этно көрсетілім бізде алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Біз бұл жобамызды ерекше мақтан тұтамыз. Өйткені Еуразия құрлығы — әр халықтың мәдениетін, стилі мен сәнін бір арнаға тоғыстыратын мекен. Биылғы "Fluidum" тақырыбы да осыны бейнелейді: шекарасыз, еркін сәнді көрсетеді. Бүгінгі көрсетілімде тарихымыздың жаңа сипат алып, заманауи әрі көркем түрде жаңғырып жатқанын көру - расымен қызық
Фэшн апталықты дизайнер Гүлнар Қасымның «Тамыр» топтамасы ашты. Әр образ әйелдің жермен, ата-бабамен байланысын бейнелейді. Бұл коллекция өзіндік болмысты сақтап, алғыс пен ризашылық сезімімен өмір сүруге үндейді.
Гүлнәр Қасым, дизайнер:
– Әр қазақтың қызы бір осындай қазақи дүние кисе, өзінің бойындағы қасиетін шығарады. Сондай мағыналы коллекция. Қазір көрсеңіз ол жақта сондай алтын түсті оюлар бар, тамыр сияқты жайылған. Алтын негізінде адамның бойындағы күншуақты, байлықты білдіреді.
«MYRZA» бренд ұсынған топтама ұлттық стильді бүгінгі трендпен үйлестіруді мақсат еткен. Осы арқылы жаңа сән тенденциясын қалыптастыруды көздейтінін жасырып қалмады.
Аделя Сейтжанова, дизайнер:
– Біз күнделікті өмірде халықтың шапандар кигенін қалаймыз. Даже курткалар, бомберлер болса да қазақи нақышта болғанын қалаймыз. Менің ойымша бұл глобальный флешмоб сияқты ғой. Егер біз өзіміз соны киіп, көшеге шығатын болсақ, бәрі бізді қолдайды деп ойлаймын.
Ал тәуелсіз «POLYARMORT» бренді мультинационалдық силуэттер мен тарихи техникаларды ұштастырып, сәндегі еркіндік пен шығармашылықты біріктірген. Коллекцияда гендерлік шектеулер бұзылып, киім арқылы еркін ойлаудың жаңа форматы ұсынылды.
Камила Сабирова, дизайнер:
– Маған өмірде ұнайтын дүниелердің бәрін зерттеймін. Не істесем де — махаббатпен істеймін. Өзіме, жұмысыма және мені қоршаған әлемге, оны толықтырып тұрған адамдарға деген сүйіспеншілікпен. Мен үшін өмірді мәнді ететін дүниелерді — киім арқылы жеткізуге тырысамын.
Ethno Fashion Show сәннің ұлттық кодты сақтай отырып, оны заманауи қырынан көрсетуге болатынын дәлелдеді. Бұл кеш – жаңалыққа ұмтылу мен батылдықтың жеке тарауына айналды десек артық емес.