Заманауи музыкант Jeltoksan әншілікті қойып, кітап жазуға көшкен бе?

Сообщить о проблеме с эфиром

Шеслана Құсаинова, @sheslana_kusainova

Ол — тек музыкант емес, жүрекке өзінің әсем үнімен әсер ететін заманауи композитор. Терең мағынаға толы релиздерімен тыңдарманның ыстық ықыласына ие болған өнер иесі. Бүгін біз — Jeltoksan-ның жеке ән кешіндеміз! Бұл тек концерт емес — бұл шынайы эмоция мен рухтың симфониясы!

 

Jeltoksan – ол қазіргі заманның үні. Оның терең мағынаға толы әндері жанға дауа. Музыкант 2020 жылы жарық көрген «Қорғасын» атты альбомы арқылы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, аса танымалдыққа ие болды. Бүгінде өнерпаз өзінің кезекті ән кешін өткізді. Айта кетейік, соңғы концерті 2023 жылдың қарашасында болған еді:

– Енді араға сонша уақыт салып тағы да керемет кеш бердіңіз. Жалпы әсеріңіз қандай?

Jeltoksan, музыкант:

– Күшті, күшті. Әрдайым жақсы қарсы алады. Жылы лебізбен.

– Бүгінгі кештің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

– Пікірлестердің жиналуы деп есептеймін. Себебі музыканың айналасында, бір өзіме жақын адамдар жиналды.

 

Десе де көрерменімен бір толқында жүрген Jeltoksan алматылық тыңдарман алдында өзін жайсыз сезінген сыңайлы. Неге десеңіз:

Jeltoksan, музыкант:

– Келесі де енді үлкендеу алаңда жасауға уәде беремін. Себебі кішкене ыңғайсыздықтар болды. Соған байланысты сыймай қалды адамдар дегендей...

 

«Сәтсіздіктердің бәрі қалады артта... » Иә, дәл осы мотивацияға толы сөздерден құралған трек «Күл» деп аталады. Кеш барысында өнерпаз аталмыш туындысының тұсауын кесті.

 

Концертте Jeltoksan жалғыз өнер көрсетпеді. Кеш иесі өнердегі достары dudeontheguitar, Daiynball, Ruslan Tai-мен бірге танымал хит релизін орындап, тыңдарманын қуантты.

 

Jeltoksan әндерімен тыңдарманды жұбатады, үміт сыйлайды, жігерлендіреді. Оның тректері жүрегі жаралы жанға нағыз терапия іспетті:

– Jeltoksan-ды қашаннан бері тыңдайсыз?

– 20-шы жылдардан бастап. Мен ол кезде бір 10-шы сыныпта оқимын. Сол кезде әндері үміт беретін, мақсат қоюды үйрететін және де мақсатқа жету үшін жұмыс істеу керектігін, еңбектену керектігін маған түсіндірген әнші.

– Кеш қалай өтті? Сіздерге ұнады ма?

– Бәрі ұнады. Бірақ тағы болса екен деп отырмыз. Жетпей қалды кішкене.

– Қай әнін ерекше сүйіп тыңдайсыз?

Әнші әрі композитор Jeltoksan шығармашылығын жаңа бағытта жалғастырмақ. Кітап жазу идеясы музыканттың көптен бергі арманы екен-ді. Бұл жайлы толығырақ автордың өзінен сұрауды жөн көрдік:

Jeltoksan, музыкант:

– Кітапты иә, бір көп уақыт бұрын жасадым негізінен. Бірақ ол өте жай қарқынмен жүріп келе жатыр. Мен ізденіс барысындамын стильді дегендей. Бірақ та ол әңгімелер жинағы болады. Поэзия және проза екеуі араласқан. Сондай бір шағын кітап болады.

– Шамамен қай уақытта оқимыз кітабыңызды?

– Оны айта алмаймын енді. Қазір бірдеңе айтып қойып, кейін шықпай қалса деген сияқты. Бірақ барынша тездетуге тырысамын.

 

Бексұлтан Бақытжан бүгінде Атырау қаласының тұрғыны. Өнер иесінің айтуынша, мәдени астанадан алыс болғаны оған шығармашылықпен айналысуға еш кедергі келтірмейді, керісінше ән жазуға өте ыңғайлы мекен:

– Барлық жағынан еркін музыкантсыз. Қаржыдан қысылатын кездер бола ма?

Jeltoksan, музыкант:

– Иа, болады.

– Сондай кезде не істейсіз?

– Жұмыс жасаймын. Басқа жобалар аламын. Қарын ашып жүре бере алмайсың. Сондықтан жұмыс істеп кетесің. Бірақ өнерді алып жүруге тырысамыз.