Нұржан Керменбаев, әнші:
– Бірінші мына сұрақтан бастайын: Нұржан Керменбаев қазір қайда жүр, не істеп жүр?
– Қасыңыздамын, қарындас. Көбісі ойлайды екен расымен де телеэкранға шықпай кеткендіктен жалпы жоқ болып кетті деп. Негізінде әлеуметтік желілерде енді кім қарап жүр, солар біледі. Сол жақтамыз жалпы.
Телеэкраннан көрінбесе де, әлеуметтік желіде трендтен түспейтін өнер иесі жақсы жаңалығымен оралды. Алтынай Түлембетова есімді арумен ән жазып, бейнебаян түсіріп жатыр дегенді естігенде «Арнау» тобы жаңа құраммен бой көрсете ме деп болжап едік. Сөйтсек, бар құпия басқада екен:
Нұржан Керменбаев, әнші:
– Алтынай негізінде менің келінім болып келеді бір жағынан. Жалпы жеке өнеріне атсалысып бастап жатыр екен. Соның тұсында бізге бір дуэт ұсынды. Алтынайдың қандай талантты қыз екенін мен білем, сондықтан көп ойланбай, давайте онда әнге кірісейік деп, әнге кірісіп кеттік.
«Сарын» тобының экс-солисі Алтынай Түлембетова отбасын құрғаннан кейін жеке шығармашылығын енді қолға алып жатқан өнерпаз. Бұл жолда ару ең бірінші қайын ағасының көмегіне жүгініп, одан кейін бірнеше танымал жұлдыздармен де коллаб ұсынуға ниетті.
Алтынай Түлембетова, әнші:
– Бұл жағынан өзіңіздің өнеріңіз сәл бағаланбай қалады деп ойламайсыз ба?
– Дуэт көп жазып кетсем бе? Жоқ, менің ойымша жан-жақты болған күшті сияқты. Мен енді бұрын дуэтте болғандықтан, маған дуэтте айтқан қатты ұнайды.
– Осы жобаға кетіп жатқан қаржы туралы сұрағым кеп тұр. Кімнің қалтасынан шығып жатыр?
– Менің қазіргі жолдасым Еркебұлан Молдашев, бүкіл қазір менің шығармашылығыма қолдау, қай жағынан болса да. Ақша жағынан болса да, қолдау көрсетіп жатқан сол кісі. Менің хабарым жоқ иә, мен тек әнімді айтып жүре беремін.
Келінімен дуэт жазып, бейнебаян түсіруге келіскен Керменбаевтың көңілінен шығу оңай емес көрінеді. Алтынайдың айтуынша лайықты әнге бір жыл бойы қол жеткізе алмаған.
Нұржан Керменбаев, әнші:
– Ән жазар алдында қандай да бір критерийлер маңызды бола ма сіз үшін?
– Маған келеді деп больше таңдаймын. Маған келеді, маған келмейді деп таңдаймын.
– Сізге қандай әндер келеді?
– Өзімді елестетіп көрем сахнада. Сол әнмен. Сол кезде ғана түсінемін.
Қара баланың өзіне лайық көріп таңдаған әні «Сағынбаймын» деп аталады. Бейнебаян маусым айының соңында жарық көрмек.
Жаңа коллабпен камбэк жасаған Нұржанның шығармашылық жолда жүргеніне 20 жылға жуық уақыт өтті. Өнер иесі осы жайтты атап өтіп, тыңдарманды ерекше концертпен қуантуға уәде етті.
Нұржан Керменбаев, әнші:
– Жеке ән кешін ұйымдастыруымыз керек. 2026 жылы. Үлкен тур жасауымыз керек. Өйткені менде бір жағынан 20 жылдығым келе жатыр, бірақ оны ресми бір 20 жылдық деп атап өткім келмейді. Бірақ, кезекті үлкен концерт десек болады.