Азамат Сатыбалды араға 8 жыл салып толықметр таспаламақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кинопродюсер, актер:

Кино әлеміне өзім түсірмегеніме біраз уақыт болып қалды. Өйткені қол тимей кетті. Қазір енді шыны керек қатты қобалжып жүрмін. Оның үстіне тақырып та өте ерекше «Мама» деп аталады. Бүкіл аналарымызға арналады.

 

Түсірілім жұмыстары толықтай Орал қаласында өтеді. Оған себеп, шынайы күздің атмосферасы дәл осы қалада жақсы берілуінде екен. Сондай-ақ ендігі кинопродюсердің бір ғана арманы бар. «Мама» картинасындағы «ана» образы ел есінде ұзақ уақытқа сақталса екен дейді.

Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кинопродюсер, актер:

Менің арманым – ол кино 30-40 жыл өмір сүрсе екен деймін. Әр ұрпақ өкілі сол киномен өссе екен деп ойлаймын. Өйткені ана ол – жылға, уақытқа бөлінбейді. Ана ол – ғаламдық уақыттың жауабы.
 

Актерлық құрамға да кіл мықтылар таңдалған. Олардың қатарында Рахилям Машурова, Дулыға Ақмолда, Ғани Құлжанов және Асан Мәжіт бар. Бұл Азамат Сатыбалдының тек кәсіби мамандарға ғана сенім артатының белгісі.

 

Толықметрдің тағы бір ерекшелігі – ерлі-зайыпты Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалинаның лентада бірге ойнайтындығы. Жұлдыз жұп әзірге сюжет желісін құпияда ұстауды жөн көреді, дегенмен бұл олар үшін қуанышты жаңалық екенін жасырып қалмады.

Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кинопродюсер, актер:

25 жыл өнерде жүріп, Назгүл екеуміз бірінші рет киноға түсіп тұрмыз. Екеуміз бірінші рет бір кинодамыз. Осы уақытқа дейін ешқандай мүмкіндік болған жоқ.

Назгүл Қарабалина, актриса, режиссер:

Бұл бөлек жауапкершілік деңгейі. Қалай дегенде де қасыңдағы жолдасыңа уайымдап тұрасың. Кей кезде өзіңді ұмытып кетіп, осы кісінің түсірілімі қалай болып жатыр екен. Шаршап қалмады ма екен. Тағы да басқа ойлар. Кішкене өз рөліңнен ойың бөлініп кететін сәттер болады. Сондықтан да көрейік енді қалай боларын.

Сол себепті біз екеуміз бір-бірімізбен ойнамаймыз деп уәде бергенбіз.
 

«Мама» экшн-драмасы 2026 жылдың наурыз айында үлкен экранға жол тартады. Ендеше жүректерді тербеп, анаға деген мейірім-махаббатты арттыратын туындыдан қапы қалмаңыз.