«Бітім!» Қазақ-Испан кинемотографистері бірігіп таспалаған Қарлаг тарихы енді үлкен экранда!

Сообщить о проблеме с эфиром

Мөлдір Нұрғалиқызы, тілші:

Махаббат пен мейірімді сезіну үшін бітімге келу өте маңызды. Себебі, қатыгез тағдыр ешкімді аямайды. Қазақ-испан кинемотографистері бірігіп таспалаған «Бітім» фильмінің премьерасындамыз.

 

Шынайы оқиғаға негізделген драма қаралы Қарлаг оқиғасын суреттейді. Танымал испан режиссері Мигель Анхель Вивас таспалаған туынды алдымен Сан-Себастьянда өткен кинофестивальде ұсынылып, енді Қазақстандық көрерменге жол тартты.

Дина Тасболатова, актриса:

Әлемдік аренада премьерасы болды. Испан халқы қалай қабылдады?
Шынымды айтсам, испан көрермені ерекше ризашылықпен қабылдады. Өйткені залдағы көрерменнің қошеметі, он минутқа дейін созылған шығар.


Netflix-те көрсетілетін фильм еуропалық деңгейдегі киноөнім ретінде жоғары сапада жасалғаны байқалады. Әр сахна алдын ала тарихшының тексерісінен өткен. Операторлық жұмыс, грим және color лагерьдің қатаң атмосферасын, сол дәуірдің ауыр шындығын дәл жеткізе білген.
Марат Әбсеметов, тарихшы, фильм бойынша кеңесші:

Мен олардың киіміне дейін қарап, түзетіп отырдым. Кім қандай киім киеді, мынау түрмеде отқан адамдардың, офицерлердің формасы қандай. Сосын жұмыс орындарында қандай заттар болды? Не жұмыс жасады? Соған дейін жазып бердім оны.


Сонымен қатар, отандық кинотеатрға жол тартқан жоба түпнұсқадан біршама өзгерген деседі. Себебі, Мадридтегі премьераға қатысқан тележүргізуші Тимур Балымбетовтың айтуынша, испандық үлгісі 2 сағат 50 минутқа созылған.

Тимур Балымбетов, жүргізуші, инфлюенсер:

Қазақша нұсқада біріншіден қысқартылған. Және де маған сөздің шыны ол ұнады. Өйткені біз үйренген форматқа келтірілген сияқты. Сондықтан да біздің көрерменге осы нұсқа жақсырақ өтеді деп сенемін.
 

«Бітім» картинасы негізінде үш тілде таспаланған. Отандық көрерменге қазақ және орыс тіліне дыбысталған нұсқалары жол тартты. Яғни фильмде дубляж актері Қазбек Қасымның даусын ести аласыз.

Қазбек Қасым, дубляж актері:

Мен енді бұл «Бітім» фильмінде Падроның рөлін дубляждаған болатынмын. Мен үшін өте сондай салмақты фильмдегі дубляжымның алғашқы қадамы. Толғанып тұрып, жылап тұрып, тітіркеніп тұрып айтатын жерлерінде осындай жақсы әсер алдым.

 

Авторлардың айтуынша, қажырлы еңбек пен, асқан дәлдікті талап еткен туындыны көрген сыншылар картинаға оң бағасын берген көрінеді. Тіпті болашақта «Оскар» сыйлығына әбден лайық болуы мүмкін деген сыбыс та бар. Ал, әзірге тарихи драма ұлттық Гойя номинациясына ұсынылмақ. Мұны «испандық Оскар» деп те атайды екен.

Азиз Бейшеналиев, актер:

Мұндай тарихты ұмытуға болмайды, жастардың есіне салып отыру керек деп ойлаймын.
Қазбек Қасым, дубляж актері:

Қазіргі мына адамгершіліктің, мейірімділіктің азайып бара жатқан кезінде мына қуыс кеудені толтыратындай керемет, рухани байлық алатындай фильмдердің бірі деп мен оны есептей аламын.

Роза Әшірбаева, психолог-коуч:

Маған қатты ұнағаны, испандықтардың осы киноны түсіру барысында қазақ мәдениетіне, тарихына құрметпен, сыймен, өте бір, андай бір мазақ емес. Сондай бір мағыналы етіп, шынайы етіп көрсеткен.

 

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында КарЛАГ тұтқынына айналған испандықтардың оқиғасы жүрек тебірентпей қоймады. «Бітім» фильмі жай ғана кино емес, елдер арасындағы маңызды мәдени көпір іспеттес. Әлемдік аренаға жол тартқан туындыда қазақтың салтын көріп, домбыраның үнін естігіңіз келсе, кинотеатрға асығың көрермен.