Танымал режиссер Асқар Бисембин көп жылдық үзілістен «Жұмақтан билет» фильмімен оралды. Бір қызығы, аталмыш картина 5 жыл бұрын таспаланған. Туындысының не үшін ұзақ уақыт бойы жарық көрмегенін киногердің өзінен сұрауды жөн көрдік.
Асқар Бисембин, режиссер:
– Техникалық себептер болды арасында. Бірақ, бізде кино саласында болып тұрған алғашқы жағдай ғой былай қарасаң. Сол қаржы және құжаттар мәселесі.. Бәрін айта алмаймын енді...
Драма және комедия жанрларын ұштастырған толықметрдің бас кейіпкерлері Марат Амираев пен Еркебұлан Дайыров. «Әкесі мен ұлын сомдайтын киножұлдыздарды басқа амплуада танытуға тырыстым», дейді режиссер.
Асқар Бисембин, режиссер:
– Меніңше қазір ең жақсы уақыт шығатын уақыт. Қазір бізде Еркебұлан бауырымыз енді жұлдыз болып қалды. Марат Амираев та жұлдыз.
– 5 жыл бұрынғы өзіңізге қараған қалай екен?
Еркебұлан Дайыров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Жас кезіңе қараған жақсы ғой. 5 жыл өтті енді бұл жобаны аяқтағанымызға. Кейбір түсірілген сәттерді ұмытып та қаппын. Жаңа жақсы бір ностальгия болды.
Марат Амираев, актер:
– Мен бұл фильмнің шыққанына өте қуаныштымын. Себебі, халық мені қатал адамның кейіпінде қабылдап үйреніп қалды. Мен өзге амплуада көрсететін туындының жарық көргеніне риза болып тұрмын.
Фильмнің желісіне келсек, Мақсат есімді кейіпкер 20 жыл бұрын қаза тапқан әкесімен жүздесу мүмкіндігіне ие болады. Ал перзент арманын орындауға ұмтылған асқар тау өткен шақта ұлына берген уәдесінде тұру үшін о дүниеден келеді. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін білу үшін, кинотеатрға асыққаныңыз жөн.
Еркебұлан Дайыров, актер:
– Шынымды айтсам, бұл өзім бір жақсы көріп жасаған жобаларымның бірі. Өздеріңіз байқағандай картинаның үстінен тағы да қазақша дубляжын жасадық. Негізгі орыс тілінде, дубляжсыз бұл басқа кино.
– Не үшін қазақшаға аудардыңыздар?
Асқар Бисембин, режиссер:
– Енді мен де қазір сұқбатты қазақша беріп жатырмын ғой. Бұрын деген қазақша сөйлемейтін едім. Менің ойым қазіргі уақытта өзгеріп жатыр ғой бәрі. Халықта тіл дамып жатыр. Сондықтан осындай шешім қабылдадық.
Иә, режиссер енді туындыларын ана тілінде таспалауға ниетті екенін тілге тиек етті. Ендеше, Асқар Бисембинге іске сәт дейміз!
Асан Мажит, актер:
– Жалпы мен үшін режиссерлердің бірі де бірегейі ол Асқар Бисембин ағамыз. Сондықтан оның қолынан түсінікті, айтары мол дүние шығатыны.
Kental, әнші:
– Киноға отырғанда мен жыладым басынан бастап соңына дейін. Өзім әке болғасын шығар. Фильмнен Голливудтың картинасын көресіздер. Шынымен де шетел шетел.