Қанат Бейсекеев мақсатына жетті! Режиссер 4 жыл бұрын «Тазы» фильмінің түсірілімін бастап, техникалық себептерге байланысты жұмыс процесін тоқтатқан еді. Бірақ, Кана аталмыш картинаны қайта қолға алып, күні кеше жаңа туындысының тұсауын кесті.
Қанат Бейсекеев, документалист, режиссер:
– Негізінде бұрыннан өзімде бір идея болған, 7 деректі кино 7 қазына туралы түсірейін деген. Сол тазы осы бірінші кино.
Жобаның түсірілімі Қарағанды қаласында және Шелек ауданында өткен. Лента Рашид есімді аңшының күнделікті өмірін баяндайды. 2017 жылы жаңа кәсібін бастаған Атамбай-тегі, бүгінде 21 тазының қожайыны.
– Тазылардың ерекшелігі жайлы айтып беріңізші?
Рашид Атамбаев, аңшы:
– Енді олар ақылды бірден айтайын. Текті болады. Таза ұстайды өз өзін.
Тазы – тек аңшылыққа бейім жануар ғана емес, ол иесіне адал, мінезі байсалды, тектілігімен танылған серік. Қазақ халқы бұл асыл тұқымды өте қымбатқа бағалаған. Сонымен қатар, олар жүгіргенде көз ілеспес шапшаңдығымен ерекшеленген жануар.
– Түсірілім алаңында операторлар түсіруден бөлек, тазылардың артынан жүгірумен болған екен. Сол рас па?
Қанат Бейсекеев, документалист, режиссер:
– Негізінде иә, көп жүгірдік тазылардың артынан. Шыны керек, қиын болды.
– Несімен қиын болды?
– Түсіру оларды. Олар сондай тез ғой. Қалай білмейсің қай жерге. Аңшылық кезінде білмейсің.
Рашид Атамбаев, аңшы:
– Бізде енді шырға тарту деген болады, содан кейін аң қуу болды қоянға. Вот кейбір моменттер үлгере алмай қалды шын айтайын. Өйткені тазылар алпыспен кетеді. Дәл сол мезетте үлгере алмай қалады.
«Тазы мені шырғалаңнан алып шықты! Онымен өмірімнің жаңа парағы ашылды!» Фильмдегі бас кейіпкер дәл осылай ағынан жарылды. Рашид құмар ойындарынан бас ала алмай жүрген кезінде, тазы баптау арқылы, бұл тығырықтан шыққан екен. Кейін аңшы құмай-тазыны жақын дос ретінде көріп, «Береке» атты күшігінің қасына серік жинаған-ды. Содан бері оның өмірі түбегейлі өзгерген.
Қанат Бейсекеев, документалист, режиссер:
– Шабыт алдым біздің басты кейіпкерден, оның өмірінен. Сондықтан өзім де 6-7 ай бұрын тамыз айында бір тазы алдым өзіме. Сыйға тартқан.
Тазы тек бас кейіпкерге ғана емес, Қанатқа да ерекше әсер еткендей. Документалист жобаның түсірілімінен соң, асыл тұқымның күшігін үйіне кіргізген. Тіпті жалғыз ұлының дауымына да септігін тигізген екен...
– Бұл тазы тек сізге ғана емес, балаңызға да әсер етіпті, сол рас па?
Қанат Бейсекеев, документалист, режиссер:
– Иә, ол менің баламның досы ғой. Жақын досы болып кетті. Балама қатты ұнап қалды. Ойнайды сонымен. Оны қорғайды.
– Білуімізше, көршілер наразы болған, көпқабатты үйде асыраған кезде. Сол рас па?
– Жо-жоқ. Көршілерім наразы болған жоқ. Көпқабатты үйде болса да тазылар ол үйде мысық сияқты үндемейді. Тек қана далаға шыққанда, аулаға шыққан кезде тек қана сондай кезде.
Рашид Атамбаев, аңшы:
– Негізі егер үйде ұстасаңыз диванда жата береді олар күні кешке дейін. Бірақ аң көрсе 360 градусқа өзгереді.
Шынайы оқиғаға негізделген картина бүгінде КИНОПОИСК платформасында қолжетімді!
– Деректі фильм ұнады ма? Пікіріңізбен бөлісе кетсеңіз?
Көрермен пікірі:
– Иә деректі фильм ұнады. Тағы бір арман қосылды. Бұйырса тазы асырау деген.
– Осы фильмді көрген кезде жапондық «Хатико» фильмі бар ғой. Сол еске түсіп кәдімгідей бір жақсы сезімде болып қайттым.
– Бір деммен отырып көрдік. Арасында жыладық, күлкілі де сәттер болды. Шынайы түсірілгендіктен және шынайы адамдардың тағдыры болғандықтан жүрегіме жетті.