– Ең қаталы кім?
– Азамат!
– Кім көп кешігеді?
– Мен бармын оның арасында. Сол Ақболат қой.
– Кім ең сәнді киінеді?
– Ғазиздің киінгені ұнайды. Ақболат. Ең сәнді Аққас киінеді.
– Ең көп уайымдайтын кім?
– Мәди.
– Мәди!
«Назар аудар» тобы 2011-2013 жылдар аралығында Жайдарман алаңында өнер көрсеткен еді. Бірақ олар бағын жаққан өнер ордасынан түлеп ұшса да, сахнадан кетпеді. Әлі күнге дейін көпшілкке көңіл-күй сыйлап, халықтың ықыласына бөленіп келеді.
Ақболат Өтебай, «Назар аудар» театрының актері:
– Енді біз 4 команданың лидерлері жиналған командамыз.
– 15 жыл бойы бірлігі жарасқан топ болуларыңыздың сыры неде?
Ғазиз Ерболат, «Назар аудар» театрының актері:
– Оралда өз үйлеріміз болса да, пәтер жалдап тұрамыз. Бір отбасы болу үшін. Бірақ біздер сол пәтерде «Назар аудар» бір отбасы болып тұрғанбыз.
Қазіргі таңда «Назар аудар» жігіттері әртүрлі қалада тұрады. Бірақ бұл олардың бірлескен жұмысына кедіргісін келтірмейді екен мыс.
Асылұлымбек Ахметов, «Назар аудар» театрының актері:
– Мен, Азамат, Марс осы Орал қаласында тұрамыз. Жалғыз балалымыз ғой біздер үйде. Ал көп балалылар Алматыда, Астанада. Егер жұмыс болып қалатын болса, қалаған қаламызға жинала саламыз да.
Жайдарманнан кеткен соң, жігіттер өз алдына бір театр құрды. Ал күні кеше «15 жылдық» мерейтой концертін берді. «Кештің сценарийіне жауап беретін Мәди Абдуғали бұл жолғы бағдарлама 2 жарым сағатты құрайды» дейді.
Мәди Абдуғали, «Назар аудар» театрының актері:
– 8 секунд сайын әзіл болуы керек. Диалогта, көріністе интерактивте 8 секунд сайын күлдіру керекпіз. Сондай дайындықпен келдік.
Айта кетейік, «Назар аудар» тобы 1 жарым ай уақыт көлемінде Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, 135 концерт қойған. «Бұл әрине тұрақты көрерменіміздің сұранысымен болды» дейді топ мүшесі Ғазиз Ерболат.
Ғазиз Ерболат, «Назар аудар» театрының актері:
– Шаршап қалған жоқпыз, қайта керісінше шықтық. Біз халықтан энергия аламыз екен. Сондықтан әр концерттен кейін шаршамай, керісінше күшті көңіл-күймен шығамыз.
Гастрольдік сапар түрлі қызықтар мен ыңғайсыз жағдайларға толы болыпты. Бір көрермен театр актері Асылұлымбек Ахметовқа ілтипатын көрсетемін деп, жеке шекарасынан өткен.
– Тіпті сырттада сізді сонымен шатастырып, сондай бір ерсі қылықтар көрсетеді екен, сол рас па?
Асылұлымбек Ахметов, «Назар аудар» театрының актері
– Ол рас иә. Телевизордан көреді ғой көшеде рөл ойнап жүргенді. Балалар келеді да «Ассалаумалейкум, қалайсың жақсысың ба?» - дейді. Мен Уағалейкумәссалам!» деймін. Түсінбей қалады да, «Е, не болды бауырым, жұлдыз болып тұрсың ғой!» дейді. Кешіріп қойыңыздар, бұл менің тек сахналық жұмысым, өмірде мен ондай емеспін. Солай шатыстырып алатындары бар.
– Жалпы сол кейіпкерлеріңіздің бір прототипі бар ма?
– Негізінде оның барлығы өмірден алынған. Менің достарым бар университетте оқыған, былай да достарым бар. Соның барлығын конструктор жасап, бір образ шығардым.
Мақсат Рахмет, әнші:
– Концерт ұнады. Бір ой салды, халыққа бір керек концерт болды деп ойлаймын. Күлдіре отырып ойландырды ең бастысы. Жай күлкі емес, ойландыратын әдемі күлкі болды.
Әбдіжаппар Әлқожа, әнші:
– Иә, өте ерекше «Назар аудар» жігіттері, өзгеше стильмен келген жігіттер ғо. Мен алдындары тек қана YouTube-тан, телеарналардан көрген едім. Бүгін қонақ болайыншы, көрейікші деп арнайы келіп едім.
15 жылдан бері бірлігі жарасып келген топ бүгінде келесі концертіне қызу дайындығын бастап кеткен. Ендеше жігіттерге сәттілік!
Автор: Ш. Құсаинова