Көптен күткен күн жақын! Әлемге танымал жұлдыз Энрике Иглесиастың еліміздегі концертіне санаулы күн қалды! «Hero», «Bailando», «Escape», бірнеше буын жатқа білетін осынау хиттер енді Астана мен Алматыда жанды дауыста шырқалмақ.
Концерт қыркүйектің 3-і күні Астанада, ал 5-і Алматыдағы Орталық стадионда өтпек. Ұйымдастырушылар таңғаларлық шоу ұсынамыз дейді. Шығармашылық ұжым бұл жолы да тыңдарман мен хитменнің арасында тығыз байланыс орнатуды көздеп отыр. Осы мақсатта стадион ортасына қосымша сахна жасақтамақ. Энрике кей трегін тыңдарманының жанына барып, дәл сол жерде шырқайды. Көрерменмен еркін әңгімелескенді жаны сүйетін әнші бұл жолы да еш сценарийге бағынбай жанға жылы кеш сыйлары сөзсіз.
Астана мен Алматыдағы стадиондық концерттер жай ғана музыкалық кеш емес. Бұл – бір буынның жастық шағымен қайта қауышатын сәті. Содан да болар еліміздегі танымалдар бұл шарадан қапы қалмақ емес.
Нора Нұғман, музыкант
Уитни Хьюстан мен Энрике Иглесиастың дуэті жарыққа шыққан күн әлі есімде. Мен сол әнді тыңдап, бірден ғашық болғам. Энрикенің репертуарында эмоцияға бөлейтін, жаныңды баурап әкететін әндер көп. Бірақ мен үшін осы «Could I Have This Kiss Forever»-дің орыны бөлек. Сондықтан концертте дәл осы әнді естіп, сол сезімдерге қайта бөленемін деп сенем.
Айнұр Ілиясова, актриса
Алғаш рет Энрикенің шығармашылығымен 1996 жылы таныстым. Әндері баурап алғаны сонша кассетасын сатып алғам. Жас кезінде сондай сымбатты жігіт болды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері сияқты мен де оған ғашық ем. Жалпы мектеп кездерімді еске алсам, бірден Энрике есіме түседі. Қыздардың бәрі оның суретің бар күнделік пен дәптер сатып алатынбыз.
Энрикенің концертіне алыс-жақын шетелдіктер де ағылары сөзсіз. Сондықтан бұл ел экономикасы мен туризмі үшін де үлкен серпіліс. Қазірдің өзінде билеттердің басым бөлігі сатылған. Сондықтан ғаламға танымал жұлдыздың кешіне барғыңыз келсе, қазірден қамданыңыз. Ticketon.kz ұсынған мәліметтерге сүйенер болсақ, кіру құны 40-45 мың теңгеден басталады.
Энрике Латын попының королі. 154 хит әннің орындаушысы. Оның альбомының 180 млн данасы сатылған. Әлемдік музыка индустриясында өшпес із қалдырған тұлғаның елге келуі - әлемдік деңгейдегі шоу мен шынайы эмоция тоғысатын үлкен мәдени оқиға.
Бұрын соңды болмаған шоу, жанды дауыстағы орындау, ауқымды сахналық қойылым және әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын жанкүйерлерге тән ерекше атмосфераны сезінгіңіз келсе, қыркүйектің 3-і және 5-і күні өтетін Энрике Иглесиастың кешінен қапы қалмаңыз.