Мөлдір Нұрғалиқызы, @moldirr_kozim
– Мен Алдармын, Алдармын! Тура жолды таңдармын! Көпшілік сүйіп көрген телехикая енді Дәурен Серғазиннің продюсерлігімен жаңа интерпретацияда үлкен экранға жол тартпақ! Бұл жолғы картина несімен ерекшеленбек? Бірге анықтайық.
Шәкен Аймановтан кейін Алдардың бейнесін қайта жаңғыртқан актер Дәурен Серғазин еді. Енді ол араға 14 жыл салып, ел есінде сақталған сүйікті кейіпкерді заман талабына сай жандандыруға ниетті. Айта кетейік, бұл Дәуреннің алғашқы продюсерлік жұмысы.
Дәурен Серғазин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кинопродюсер, актер:
– Бұл енді өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз, біздің фольклор. Енді өсіп келе жатқан ұрпаққа шетелдің қаһармандары емес, өзіміздің әдеби қаһармандарымызды жаңғыртайық деген оймен кеңінен түсіруге ойлар келді.
– Продюсерлікке келу қалай болды?
– Бұл тақырыпты мен жақсы білгендіктен, көп нәрсені өзім іздеп, табу керек болғаннан кейін, продюсерлікті де қолға алу керек болып тұр.
Дегенмен жауапкершілігі үлкен дүниені жасауда Дәурен Серғазин жалғыз еместігін бірнеше мәрте қайталап айтты. Сондықтан оның жанында ұйымдастыруға қол ұшын созып жүрген жақындары жетерлік. Соның бірі, Дәуреннің жақын досы, актер Әділ Ахметов.
Әділ Ахметов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Туыс-бауыр болғаннан кейін солай қолдап келдіңіз бе, әлде актер ретінде белгілі бір гонорарға келістіңіздер ма?
– Жоқ, бізде гонорар жоқ. Өйткені, өзіміз жасап жатырмыз ғой бұл дүниені. Керісінше, әріптестерімізді, барлық достарымызды осы фильмге достық, бауырлық көмектеріңіз болсын деген ниетпен шақырып жатырмыз.
Бауырын қолдап келгендер қатарында көпшілік қолы жете бермейтін актер Асан Мәжіт те бар. Жігіттердің айтуынша, бұл кісінің гонорары өз бағасынан бірнеше есеге төмен болған.
Асан Мәжіт, актер:
– Енді көз қуантады. Қазіргі таңда тарихи фильмдер өте азайып қалды ғой енді. Біраз жыл болды түсірілмегеніне. Сол нәрсе қатты қуантты мені. Ұсыныс түскеннен кейін бірден келісім бердім. Бір жағынан ағалық бір көмегім болсын, бір жағынан қазіргі таңда біз бір-бірімізді қолдамасақ болмайды.
Мөлдір Нұрғалиқызы, @moldirr_kozim
– Көріп тұрғандарыңыздай мұнда алтыбақан, киіз үй, қазан-ошақ, тіпті бір үйір жылқыға дейін бар. Былай қарағанда, шынайы ауылдың көрінісі, ал шынына келгенде бұл тек фильм үшін құрылған декорация ғана.
– Шамамен, Қазақстанда осындай кино түсіру үшін 200 миллионның жобасында кетеді. Бұл фильмге қанша кетіп жатыр, құпия болмаса?
Дәурен Серғазин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кинопродюсер, актер:
– 200 енді бізде ең қарапайым кинолар түсіріледі. Бұл тарихи болғандықтан Қарапайым 200 млн-ға түсірілетін киноның кем дегенде 2 есесі шығып жатыр.
Толықметрдің атауы «Алдар. Махаббат туралы аңыз». Бұл жерде Алдардың өмірінен бөлек қос ғашықтың хикаясы көрсетіледі дейді. Ал неге аңыз екенін авторлар былай түсіндірді:
Әділ Ахметов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Біз енді бұны аңыз деп алғандықтан, көп сыннан кішкене алыстаймыз деп ойладық. Өйткені бізде нақты кезең жоқ, нақты дәуір жоқ. Бұл аңыз. Аңызға барлық дүниені сыйдыруға болады.
Алдар – ақылдың символы. Қолында қамшысы болмаса да, сөзінде уыты бар жан. Сол арқылы талайға көмек беріп, қара халықтың батасын алған Алдар Көсенің бүгінгі кейпін Дәурен Серғазин сәтті сомдай білді. Көрерменге балалық шақ, актерге атақ әкелген кейіпкерді сағынбау мүмкін емес десек асылық болмас.
Дәурен Серғазин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кинопродюсер, актер:
– Сағындыңыз ба жалпы бұл рөлді?
– Рөлді сағынып қалыппын. Негізі түсірілім басталарға дейін кішкене қорқыныш болды. Бұрынғы Алдарды елестете аламын ба деп. Міне, 1 сағаттан кейін мотор дегеннің өзінде жаңағы шашым бар, өзімнің мына сахналық киімімнің тастарын тігіп жаттым да, қалай ойнайды екенмін деп қобалжыдым. Бірақ камераға кірген кезде, бұрынғы ойнағаным еске түсіп, әрі қарай жеңіл алып кеттім.
Сегіз қырлы, бір сырлы Дәурен Серғазин бұл жолы тың қабілетімен танылмақ. Өнер иесінің бұл қадамы сәтті шығып-шықпағанын 2026 жылдың наурыз айында кинотеатрдан тамашалай аласыз.