Жайдарманшылардың басты қаруы – әзіл. Ал олар үшін ең үлкен марапат – көрерменнің күлкісі. «SUPER LIGA» бұл жолы да осыны жіті түсінетін, халықтың жүзіне жылулық сыйлайтын жалынды жастардың басын қосты.
Оңдасын Құлымбетов, «Қазақстан КВН Одағы» Алматы қаласы филиалының директоры
– Бүгін енді 23 команда болған соң, фестиваль форматында өткіземіз. Барлығында тек сәлемдесу, қазылар алқасы сол кісілер таңдайтын болады.
Бүгінде жайдарман түлектерінің кино кеңістігінде сұранысы жоғары. Бірі актер ретінде танылса, екіншілері жазған сценарийлері арқылы көзге түсіп жүр. Тіпті, жеке фильм таспалап үлгергендер де бар. «Әзіл алаңынан шыққан жігіттердің қай салада болмасын жетісітігі жетерлік, сол себепті осы жылғы ойынды «Кино маусымы» деп атауды жөн санадық,-дейді Есен Елеукен.
Есен Елеукен, «Жайдарман» одағының президенті:
– Қазір енді көпшілігі шығармашылық ізденісте, әртүрлі жобалар түсіріп жатады ғой. Енді үсті үстіне оларды бір барлық жерде қинай бермейміз. Ел таниды осылар арқылы зал толтырамыз деген ой жоқ. Ешкімге салмақ салғым келмейді, және маған да салмақ салғандарын онша жақтыра қоймаймын.
Ұстаздары Есен Елеукен, бұл жолы тізгінді шәкірттеріне тапсырып, өзі көрермен залына жайғасты. Кешті Байгайс резиденттері – Жалғас пен Мағжан жүргізді.
Мағжан Нұрғали, әзілкеш, кеш жүргізушісі:
– Біз бұрын осы Super LIGA ойындарын ойнап, 2016 жылы чемпион болғанбыз...
Жалғас Елеусінов, әзілкеш, кеш жүргізушісі
– Өте қатты қобалжимын мен, сондай әдетім бар өзі, сахнаға шығар алдында, 5 минут бойым үйренгенше дірілдеп тұрамын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең қиыны -жұлдыздарды шақыру. Тіпті, өзімізден шыққан жігіттердің кейде уақыты болмай, бас тартып жататын кездері де болады,- дейді. Айта кетейік, жас ойыншылардың өнеріне Дархан Оспанов, Бексұлтан Піләл, Ермек Шынболатов сынды медиа өкілдер төрелік етті.
Дархан Оспанов, стендапер:
– Шақырғаннан кейін, әділ болуға тырысасың. Бір жағынан жерлестеріңді де ренжіткің келмейді. Шүкір бүгінгі ойын жақсы болды. Жерлестеріме ұялмай бесімді көтердім.
Ермек Шынболатов, актер:
– Өзіңізге қатысты әзілдер болып жатыр ма?
– Иә, болып жатыр, болып жатыр. Оны әзілді әзіл деп қарау керек әрине. Бүгін үлкен командалар көзге түсіп жатыр.
Көңілді тапқырлар алаңында бәрі мінсіз өте бермейді. Қатысушылар «Сахнада түрлі жағдай болады. Бірақ, кез келген келеңсіз оқиғаны импровизациямен алып шығамыз», - дейді.
Жалғас Елеусінов, әзілкеш, кеш жүргізушісі:
– Менің шалбарым кәдімгі артына дейін жыртылып кеткен, отырып тұрамын дегенімше. Сондай келеңсіз жағдайлар болады. Соларды бір көңілді өткізіп жіберуге тырысамыз.
Бексұлтан Піләл, жайдарманшы, актер:
– Негізі ол кезде Ресейде ойнап жатқанбыз, орысша сөйлеп, кідіріп қалған едім, қасымдағы бір қыз сөйлеп жіберді да, мен оған «подажди, подажди!» - дегенмін. Сол импровизацияның өзі өте сәтті болған.
Әзілқойлар сайысында бағы жанып, финалға жолдама алған 14 командаға сәттілік тілейміз! Тартыс мұнымен тоқтамайды, қызыққа толы дода алдағы уақытта өз жалғасын табады.