13 жасында арман қуып, ару қала Алматыға келген Қарақат Әбілдинаның үлкен сахнада жүргеніне, биыл 25 жыл. Дәстүрлі ән мен заманауи мызыканы тең ұстаған өнер иесі, шығармашылық жолын қорытындылап, есеп беру кешін өткізді.
Қарақат Әбілдина, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Үлкен толқу үстіндемін оны жасырмаймын. Халыққа есеп беру, оның жауапкершілігі тым жоғары. Оның үстіне талғамы жоғары Алматылық көрермендер үшін. Соның барлығын жақсы сезінемін, түсінемін. Сондықтан да толқып тұрмын.
Айта кетейік, Қарақат ханым 4 ұлдан кейін қызды болған еді. Бүгін сол ерке қыз Аяла, анасының мерейтойлық кешінде өнер көрсетті. Талантын әлеуметтік желіден ғана көретін көпшілік үшін, бұл ерекше сәттердің бірі болды.
Қарақат Әбілдина, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Аяла Алматы сахнасына, киелі осы сахнаға алғаш аяқ басқалы тұр. Алматы көрермендерінің алдында алғаш ән айтайын деп тұр.
Қарақат ханымды құттықтап, елдің әр өңірінен 100-ге жуық шәкірті келген-ді. Өнердегі әріптестері де қолдаудан қалыс қалмады. Мадина Сәдуақасова «Құрбыма барамын деп, бар жұмысымды ысырып қойдым»,-дейді.
Мадина Садуақасова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Негізі біз жаңағыдай жақсы адамдарымды айтып болып, сценарий бойынша кетуіміз керек еді, екі жаққа. Бірақ біздің әніміз бар ғой дуэт. Оны ешқандай музыкасыз айттық. Мүмкін режиссер ренжіп жатқан шығар, неге бағдарламаға бағынбады деп.
Көрерменнің көбі Қыдырәлі мырзаның сахнаға шығуын асыға күтті. Себебі, жанкүйерлері Қыдырәлі мен Қарақатты бірге көріп үйренген. Сондықтан болар, көптің көкейінде «Қыдырәлі Қарақаттың жанынан табыла ма өзі» деген сауал пайда болды.
– Халықтың көбісі Қарақат бүгін сахнаға жалғыз шығады деп ойлап қалды?
Қарақат Әбілдина, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші:
– Бүгінгі өзі концерттің ерекшелігі демей-ақ қояйын. Есте қалатын бұрын соңды болмаған жағдай болайын деп тұр. Осынысымен бүгінгі менің концертім есте қалатын шығар. Қалай болады тіпті елестету де қиын. Неде болса, сіз болып, біз болып сахнада көретін боламыз.
Айтулы шараға санаулы күн қалғанда Қыдырәлі Болманов аттан құлап, ауыр жарақат алған. Өнер иесі сол сәтті «бір өлімнен аман қалғандай болдым» деп еске алды. Дегенмен, халыққа берген уәдесін орындап, денсаулығына қарамастан сахнаға шықты.
Қыдырәлі Болманов, Мемлекет және қоғам қайраткері, продюсер:
– Кетіп бара жаттым атпен. Қамшымен ұрған жоқпын, тепкен жоқпын. Бір кезде артын көтеріп аяғын артқа сілкіп жіберді. Сол кезде мен былай еңкейген кезде, басымен келді да мына жерімнен келіп, бір ұрған кезде, кәдімгі нок-даун ұстап қалдым шамалы былай.
– Демек мына аяқтың себебі сол болып тұр ғой?
– Былай тарттым да, сол сәтті пайдаланып екі аяғымды үзеңгіден жұлып алдым да, сосын мына жаққа қарай секіріп кеттім.
Жұлдыз жұп бір-біріне демеу екендерін, ел алдында тағы да дәлелдегендей болды. Қарақат үш сағат бойы, репертуарындағы 34 әнді, әр түрлі аспаптардың сүйемелдеумен орындады. Ал залдағы ыстық ықылас пен ұзақ қол шапалақтау, Болмановтар әулетіне деген айрықша құрметті көрсетті.
Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Халық әртісі:
– Сахнаның әбзелдері де, қатысқан актерлары да, кішкентай балаларға дейін. Бүкіл Қарақат пен Қыдырәлінің осы жасқа дейінгі жеткен өнерлік биіктіктерін көрсетті бүгін.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
– Көзімізге жас алып қалдық, қандай жетістіктерінің барлығын көріп. Мен үшін өте сондай трогательный концерт болды!
Автор: А. Сауытбек