Қазіргі таңда фильм таспалау, бейнебаян түсірумен тең бе дерсің! Еліміздің киноиндустриясы тағы бір продюсермен толықпақ! Ол танымал актер Шерхан Пірназар.
– Қандай сезімдесіз? Кинопродюсер атанасыз. Шерхан Пірназар кинопродюсер!
Шерхан Пірназар, актер:
Оо күшті естіледі екен десең...Енді трэдс, әлеуметтік желілерге кіріп қалсаң, «Мынау не фильм? Анау не? Мынау не?» деп бірден бас-аяғы жоқ жамандап шыға келеді. Сол себепті ең бастысы көрерменнің көңілінен шығатын жақсы бір туынды өмірге келсінші. Өзім күні түні соны тілеп жүрмін қазір.
– Жалпы бұл ниет қайдан пайда болды? Мақсат не? Ақша жасау ма? Әлде өзіңіздің ішіңіздегі баяғыдан бері ойлап жүрген дүниені халыққа жеткізгіңіз келе ме?
Шерхан Пірназар, актер:
– Әрине енді ақша тапқан жақсы ғой. Сол себептен да бірінші жақсы бір дүние өмірге келсе екен деген үлкен бір арманым бар.
Фильмнің атауы – «Жарығым-ай», ал жанры – драма. Картина жарынан айрылған басты кейіпкердің, бұл жаңалықты қызына қалай жеткізерін білмей дал болған сәтінен бастау алады.
– Сценарийін кім жазды? Қанша уақыт жазылды?
Шерхан Пірназар, актер:
– Былтырғы 2025 жылдың қарашасынан басталды бұл жалпы ой. Сонымен сценарийдің жазылып жатқанына қазір 3-4 ай уақыт болып қалды. Басы-аяғы жиналды. Сценарий авторы Сержан Серікбаев. Режиссері өзі. Операторы Ернұр Рысбай.
Айта кетейік, Шерхан Пірназардың жары Айжан Жұмабек ауқымды жобаларда кастинг директоры қызметін атқаратыны көпшілік хабардар. Айта кетейік, бұл идеяны жүзеге асыруға ықпал еткен де Шерханның сүйіктісі.
– Демеушілер бар ма? Әлде өзіңіздің қаражатыңызбен түсіресіз бе киноны?
Шерхан Пірназар, актер:
– Демеушілер де бар. Өзіміздің қаражат та бар. Барлығы әйтеуір бірлесіп ақша шығарып жатырмыз ғой жан жақтан
– «Алдар көсені» 600 миллионға түсірді. Сіз ше?
– Әрине енді ойдағы суммамен түсірген жақсы ғой. Бірақ енді одан асып кетеді ау. Сондай бір қорқыныш бар. Шамамен енді 150 мен 200 шығар деймін енді. Примерно шамамен.
Бүгінде Пірназар-тегі киножұлдыз ғана емес, жеке өнер мектебі бар ұстаз. Ол алғашқы жобасында шәкірттерінің бой көрсеткенін де мақсат етіп отыр. Ал басты рөлді Шерханның өзі ойнайды.
– Ноу нэйм актерлердің жұлдызын жақпаққа ниеттісіз бе? Әлде танымал жұлдыздарды шақырасыз ба кастингке?
Шерхан Пірназар, актер:
– Енді танымал жұлдыздардың болғаны әрине жақсы ғой. Әзірге ойдағы актер актрисаларды бекітіп қойдық. Әзірге енді ол кісілердің қазір уақытына байланысты. Егер бос болса.
Лентаның түсірілімі 1-маусымнан бастау алып, күзде көрерменге жол тартады. Ендеше Шерхан Пірназардың кинопродюсерлік жұмысы сәтті шықсын дейміз.
– Саундтрегін осы кісі орындаса деген бір ойыңыз, мақсатыңыз бар ма?
Шерхан Пірназар, актер:
– Әзірге жоқ. Бірақ енді «Жарығым-ай» десе бірден Каспи тобының әні еске түседі ғой. Сол себепті, мүмкін осы «Жарығым-ай» әні болып қалуы да мүмкін.
Автор: Ш. Құсаинова