Ақпараттық хабарлама - Еуропа Плюс

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

«Европа Плюс Казахстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұқаралық ақпарат құралы — «Европа Плюс Казахстан» радиоканалының меншік иесі бола отырып, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі № 1338 «Қазақстан Республикасы Құрылтайына сайлауды тағайындау туралы» Жарлығына, сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысу үшін партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға «Европа Плюс Казахстан» радиоканалында (бұдан әрі – Радиостанция) сайлауалды үгіт-насихат материалдарын орналастыру үшін эфир уақытын ұсыну құны, шарттары мен тәртібі туралы хабарлайды.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес сайлауалды үгіт 2026 жылғы 23 шілде күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-ден кейін басталады және 2026 жылғы 22 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-де аяқталады. Осыған сәйкес, Радиостанция эфирінде үгіт материалдарын орналастыруға тек көрсетілген кезеңде ғана жол беріледі және оларды тарату 2026 жылғы 22 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-ден кешіктірілмей тоқтатылуы тиіс.

Сайлауалды үгіт материалдарын орналастыру үшін эфир уақыты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысу үшін партиялық тізімдерін ұсынған және тіркеген саяси партияларға Радиостанцияның жарнамалық блоктарында коммерциялық жарнамадан бос уақытта, қандай да бір саяси партияға артықшылық бермейтін тең жағдайларда ұсынылады.

Аудиороликтерді орналастыру кезеңі – күн сайын мына уақыт аралықтарындағы жарнамалық блоктарда жүзеге асырылады: әр сағаттың 17-минутынан 19-минутына дейін және 32-минутынан 35-минутына дейін.

Бір аудиороликтің ұзақтығы 10 (он) секундтан кем және 60 (алпыс) секундтан артық болмауға тиіс.

Радиостанция эфирінде сайлауалды үгіт материалдарын орналастыру құны ҚҚС-ты қоса алғанда, бір минутына 40 000 (қырық мың) теңгені құрайды. Орналастыру құны Радиостанцияның хабар таратуын барлық қолжетімді тарату орталарында трансляциялауды және ретрансляциялауды қамтиды. Жеңілдіктер қарастырылмайды.

Үгіт материалдары саяси партияның жазбаша өтінішіне және эфир уақытын ұсыну туралы шарт талаптарына сәйкес Радиостанция эфирінде мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде орналастырылады.

Аудиороликтердің саны, шығу кестесі, эфирге шығу уақыты, сондай-ақ жарнамалық блоктағы орналасу орны саяси партияның сенім білдірілген (уәкілетті) тұлғасының жазбаша өтінішінде көрсетіледі және Радиостанцияның техникалық мүмкіндіктері мен бос эфир уақытының болуын ескере отырып, тараптармен келісіледі.

Эфир уақытын ұсыну бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі мен саяси партия немесе тиісті түрде рәсімделген өкілеттіктер негізінде әрекет ететін оның сенім білдірілген (уәкілетті) тұлғасы арасында жасалған эфир уақытын ұсыну туралы жазбаша шарт негізінде жүзеге асырылады.

Төлем бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі ұсынған шот негізінде 100% алдын ала төлем тәртібімен, аталған шот ұсынылған күннен бастап 5 (бес) операциялық күн ішінде, бірақ кез келген жағдайда үгіт материалдары эфирге нақты шығарылғанға дейін жүзеге асырылады.

Төлем Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті саяси партияның сайлау қорындағы қаражат есебінен ғана жүргізілуге тиіс.

Эфир уақытын ұсынудың негізі тиісті саяси партияның сенім білдірілген (уәкілетті) тұлғасының бұқаралық ақпарат құралы меншік иесінің басшысының атына берген жазбаша өтініші, сондай-ақ саяси партияның партиялық тізімін тіркеу туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы шешімінің көшірмесі болып табылады.

Жазбаша өтініштерді бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі 2026 жылғы 2 шілдеден бастап 2026 жылғы 17 тамызды қоса алғандағы кезеңде, демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сағат 10:30-дан 17:00-ге дейін мына мекенжай бойынша қабылдайды: Алматы қаласы, Юрий Померанцев көшесі, 1, 4-қабат (қабылдау бөлмесі). Факс арқылы  және әлеуметтік желі арқылы жіберілген жазбаша өтініштер қабылданбайды.

Саяси партияның сенім білдірілген (уәкілетті) тұлғасының жазбаша өтінішінде мыналар қамтылуға тиіс:

  1. сайлауалды үгіт материалдарын орналастыру үшін эфир уақытын ұсыну туралы жазбаша өтініш берілген күн мен уақыт;
  2. жазбаша өтініш беруші саяси партияның сенім білдірілген (уәкілетті) тұлғасының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
  3. тұлғаның жазбаша өтініш беруге өкілеттігін растайтын құжат (сенімхат, сенім білдірілген тұлғаның тіркеу куәлігі немесе өкілеттігін растайтын өзге де құжат);
  4. саяси партияның партиялық тізімін тіркеу туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы шешімінің көшірмесі;
  5. эфирге шығудың жоспарланған күні мен уақытын, сондай-ақ үгіт материалдарының хронометражын көрсету;
  6. жазбаша өтініш берген сенім білдірілген (уәкілетті) тұлғаның қолы.

Эфирде сайлауалды аудиороликтерді тарату кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу тәртібімен белгіленеді немесе өтініштер бір мезгілде келіп түскен жағдайда жеребе арқылы айқындалады. Жеребе өткізу тәртібі мен шарттарын бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі сайлау процесіне қатысушылар үшін тең жағдай қағидатын сақтай отырып белгілейді.

Егер жазбаша өтініш келіп түскен сәтке дейін сұратылған эфир уақыты бұрын өтініш берген басқа саяси партияға берілген болса, немесе техникалық мүмкіндіктерге байланысты ұсынылуы мүмкін болмаса, не коммерциялық жарнамамен қамтылған болса, бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі Радиостанцияның техникалық мүмкіндіктері мен бос эфир уақытының болуын ескере отырып, сайлауалды аудиороликтерді орналастыру үшін өзге уақыт ұсынады.

            Үгіт-насихат материалдары Радиостанцияға эфирге шығуы жоспарланған күнге дейін кемінде 2 (екі) жұмыс күні бұрын USB-флеш-жинақтауышта, өзге де цифрлық жеткізгіште немесе тараптар жазбаша шартта келіскен өзге тәсілмен mp3 немесе wav форматында ұсынылады. Сонымен қатар эфир уақытын ұсыну туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлға қол қойған, сайлауалды аудиороликтің мазмұны болып табылатын мәтіннің жазбаша нұсқасы (транскрипциясы) қоса беріледі.

Барлық сайлауалды аудиороликтерде үгіт-насихат материалын шығарған ұйым туралы, тапсырыс беруші тұлға туралы, сондай-ақ оның қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер қамтылуы тиіс. Анонимді үгіт материалдарын, Қазақстан Республикасынан тыс жерде дайындалған материалдарды, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқанына қатысы жоқ материалдарды таратуға жол берілмейді.

Барлық сайлауалды аудиороликтерде үгіт материалын шығарған ұйым, тапсырыс берген тұлға, оның қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес үгіт материалдары үшін міндетті болып табылатын өзге де мәліметтер қамтылуға тиіс.

Сайлауалды аудиороликтерді ұсынған саяси партиялар аудиороликтердің мазмұнының Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының, оның ішінде сайлау, жарнама, бұқаралық ақпарат құралдары, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнама талаптарына сәйкестігі үшін дербес жауапты болады.

Осы хабарламада көрсетілген шарттар мен тәртіп бұзылған жағдайда, сондай-ақ тиісті шарт талаптары бұзылған кезде аудиороликтер эфирге шығарылмайды немесе бұзушылықтар жойылғанға дейін оларды тарату тоқтатылады.

Егер сайлауалды аудиороликтерде конституциялық құрылымды күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни және рулық араздықты тудыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құралымдар құру идеялары қамтылса, бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі оларды эфирге шығарудан бас тартады.

Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі сайлауалды аудиороликтерде тіркелген кандидаттардың, саяси партиялардың немесе өзге де тұлғалардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне зиян келтіруі мүмкін ақпарат болған жағдайда, оларды эфирге шығарудан бас тартуға құқылы.

Осы хабарламада көрсетілген эфир уақытын ұсыну шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының талаптарына және Қазақстан Республикасы заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес түзетілуі мүмкін.

Осы ақпараттық хабарлама Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына ұсынылуға тиіс.

Бас директор
«Европа Плюс Казахстан» ЖШС __________________ С. Ж. Шакирова