НТК арнасында - «Сезім бағы»! Жүректерді тоғыстырған жаңа маусым!
«Сезім бағы» жобасы жаңа тыныспен, тың серпінмен НТК арнасының көрерменіне қайта оралды. Бұл жоба жүректердің соғысын біріктіріп, жалғыз жандардың тағдырын тоғыстыратын айрықша алаң. Бағдарламаны сұлу да сымбатты ару Айдай Исаева жүргізеді.
Қатысушыларды іріктеу үдерісі жауапкершілігі жоғары, көп сатылы кезең. Әуелі үміткерлер сауалнама толтырып, алғашқы сұхбаттан өтеді. Одан соң шығармашылық топ мүшелері жүргізуші, режиссер және редакцияның толық құрамы болашақ қатысушымен жүзбе-жүз әңгімелесіп, оның ниетін, мінезін, өмірлік мақсатын таразылайды.
Жоба есігі 18 жастан асқан, қазақ тілінде еркін сөйлейтін, шынайы сезімге, бақытты отбасы болуға ұмтылған бойдақтарға ашық. Бұл жобаға келетіндер жай ғана телебағдарламаның кейіпкері емес, өмірінің жаңа тарауын бастауға бел буғандар. Қатысушылардың арасында әртүрлі жастағы, түрлі кәсіп иелері бар. Бірақ олардың бәрін біріктіретін ортақ арман бар. Ол: шынайы сезімді табу және өз жүрегіне тыныштық сыйлайтын адамды кездестіру.
Айдай ханым әр қатысушыны өз жақынындай көріп, олардың қуанышы мен қайғысын бірге бөліседі. «Сезім бағы» сахнасынан өткен әрбір жан шығармашылық топ үшін үлкен отбасының мүшесіне айналады.
Жобаның тарихында ондаған жұптың тағдыры тоғысып, жаңа шаңырақ көтерілген. Солардың арасынан дүниеге келген сәбилер бұл жобаның ең қымбат жетістігі.
«Сезім бағы» күн сайын тікелей эфирде өтіп, көрерменмен етене байланыс орнатады. Бұл тек махаббат алаңы ғана емес, мемлекеттік тілдің қадірін арттырып, қазақтілді телеөнімдердің қатарына жаңа серпін қосқан жоба.