Нұртас Адамбай «Киносыншылар таңдауына» неге разы емес?

Сообщить о проблеме с эфиром
Сыншылар киногерлердің үздіктерін саралап, дәстүрлі мүсіншілерін табыстады! Дегенмен, марапат нағыз лайықты иелеріне жеткеніне көпшілік күмән келтіреді! Әділ таңдау жасайды деп үміт артқан киносыншылардың да бармақ басты, көз қысты әрекетке жол бергені ме? Киноға кәсіби машықтанбаса да, топ бестіктегі режиссерлар қатарына еніп үлгерген Нұртас Адамбай сыншылар пікірімен келіспейді. Нұртас Адамбай, продюсер, режиссер: - Маған ерік берілсе, мүсіншені өзге киногерлерге табыстар едім. Кей тұстарда сыншылармен пікірталастыруға дайынмын. Әртүрлі көзқарастың болуы шарт дейді, - режиссер. Оның үстіне, Нұртас Адамбаевтың «Таразы» үздік жанрлық фильм атанып, Еркебұлан Дайыров осы драмадағы рөлі үшін мүсінше еншіледі. Ғалымжан Молданазардың фильмге жазған саундтрегі де көшбастағыны тағы бар. Гүлнәр Әбікеева төрелік ететін киносыншылар қауымдастығы, үздік фильм ретінде «Қаратас ауылындағы оба» картинасын танып, үздік режиссер ретінде Әділхан Ержановты атады. Прокатта көш бастап, кассалық жиынымен рекорд жаңартқан коммерциялық киноларды арт-хаус картинаның басып озғаны анық. Карим Қадырбаев, «Сыншылар қауымдастығы»-ның өкілі: - «Қаратас ауылындағы оба» кино өнерінің барлық талаптарына сай келетін туынды. Сондықтан да, ол үздік. Негізі, әр номинациядағы үміткерлерді біз дауысқа салу арқылы анықтаймыз. Бір ғана дауыс картиналардың тағдырын шешеді. «Қаратас ауылындағы обамен» бірнеше номинацияда бәйгеге түскен, «Анаға апарар жол» картинасы да олжалы. Ақан Сатаевтың туындысында әуелеген музыканы да топжарғандар қатарына қосып, Әлім Зайыров пен Роман Вишневскийлердің қоржынына сыншылар жүлде салды. Бұған дейін, екі рет шетелдік кинофестивальдерде қанжығасы майланған Алтынай Нөгербек үздік актриса атанса, Аружан Жазылбекова «Екінші пландағы әйел рөлі» аталымы бойынша мүсінше еншіледі. Гүлнәр Әбікеева, «Сыншылар қауымдастығы» президенті: - 2016 жылы елімізде 29 картина таспаланды. Дегенмен, оның басым бөлігі арзанқол дүние. Голливудтық кинолардың көшірмесін түсіргендерді біз бәйгеге қосқан жоқпыз. Үміткерлер қатарына ұлтқа тән, біздің өмір-салтымызды айшықтайтын, нағыз кино деуге лайық туындылар көріне алды. Труиумфаторлар санатында «Раненный ангел», «Свидетель номер 6» және «Районы» картиналары да тұр. Соңғысының биіктен көрінуіне, екінші пландағы үздік ер адам рөлі үшін озық шыққан Шәріп Серік үлес қосты. Шәріп Серік, актер: – Бұл менің толық метрлі бірінші кином. Әрине, бұл киноға дейін, мен біраз жол жүрдім. Сондықтан, осы «Районы» киносында өзімді 120 пайыз толық шығаруға тырыстым. Біздің кинематографияда енді өзіміздің «Оскар» бар! Сыншылар нағыз марапаттау рәсіміне тән сән салтанат құрып, лайықты атмосфера қалыптастыруда барын салғаны байқалады.