«Жылдың үздік актері» Дулыға Ақмолданың жұрттан жасырғаны не?

Сообщить о проблеме с эфиром
«Сказ о розовом зайце» режиссері Фархад Шарипов, жаңа толық метрлі картина таспалауға кірісті. Кіл театрдың тісқаққан актерларын жинаған фильмге түсу үшін, «Ревю» командасы да шақырту алды. Әнуар Нұрпейісов, Макс Акбаров сынды актерлардың кино өндіріске басқан алғашқы қадамына сеп болған Фархад Шариповтың «Сказ о розовом зайце» картинасынан соң, үлкен жобаны бастап отырғаны осы. «Ізденісте жүрдім» деп түсіндіреді бұл үзілісін. Енді Данияр Сугралиновтың «Кирпичи» туындысын негізге алып, тың сценарий түзіп шыққан. Әуелгіде «Мир мечты», енді «Дикра» болып өзгерген атау - фильм прокатқа шыққанға дейін тағы ауысуы мүмкін. Фархад Шарипов, режиссер: – Кітапта бас кейіпкердің нақты жасы айқындалмаған! Сондықтан біз ол қырық жасқа жетіп, оң-солын таныған жан болуы керек деп шештік. Ал Дулыға Ақмолда екінші пландағы кейіпкерді сомдау үшін іріктеуден өткен. Бейнежазбаларды қарап отырып, оның шеберлігіне тәнті болдым. Сосын басты рөлге бекітіп, сценарийді соған арнап қайта жазып шықтым. Дулыға Ақмолданың кәсібилігін тек режиссер ғана емес, театр тарландары да биік бағалап отыр! Актер түсірілім алаңына Астанадан жеткен ұшақтан түсе салып келді. Кеше миллион теңге мен «Жылдың ең үздік актері» атағы қанжығасын майлады. Дулыға Ақмолда, актер: – Театр қайраткерлерінің ассоциациясы құрылып жатыр қазір. Шығырмашылық адамдарға арналған, бұл меценаттық деп айтсақ та болады. Қолдау ретінде актерлар үшін, жалпы өнер адамдары үшін бір стимул ретінде осындай бір бәйге жариялап, соның қорытындысын шығарып жатыр. Әсел Қалиеваның да ана атанғалы бұл алғашқы түсірілімі. Бес айлық шақалағын үйге тастап, мансабын жалғауына сүйіктісі ықпал еткен. Әсел Қалиева, актриса: – Бұрынғыдай таңнан түн жарымына дейін түсірілім алаңында жүрмеймін. Фархад Шарипов жас ана екенімді ескеріп, жұмыс уақытымның қолайлы болуына жәрдемдесті. Сәбиімді жұбайыма, анам мен енеме қалдырып жүрмін. Ернар бала тәрбиесінде ғана емес, жалпы кинода да жөн сілтеп отырады. «Қазақфильм» қоржынына таяуда қосылатын тың туындыға «Ревю» командасы да шақырту алды! Кедей-кепшіктің нәпақасын кертіп жеп, ақыры жазасын алған мафия басшысынан ақпарат алуға талпынған журналистерді сомдадық.