«Экспо-2017» халықаралық көрмесіне Алматыдан 900 ерікті аттанады

Сообщить о проблеме с эфиром
Әлемдік деңгейдегі ауқымды шараларда ерікті болып қызмет ету оңай емес. «Тегін түрде тер төгу» деген біздің түсімізге кірмес түсінік болса, олар үшін үлкен мәртебе. Экспо көрмесіне Байқоңыр қаласынан 100 ерікті, Алматыдан 900 жас қыз-жігіт шеру тартпақшы. Миллиондаған туристер қамын жасайтындар - мыңнан сұрыпталған үздіктер. Жалындаған жас күнім, қызыққа толы мас күнім. Бұл «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің жүгін бөлісе көтеруге жұмылатын жастардың ендігі ұраны. Мұндай еріктілер сапында болу үшін жымиған күлкіңіз, ұйымдастырушылық қабілет пен шет тілін білсеңіз жеткілікті. Оларды жазда елордада жаңа әсерлер мен үлкен өмірлік тәжірибе күтіп тұр. Астана еріктілер лигасы бұл істе де белсенді. Мағжан Мырзағали, Алматы қаласы еріктілер лигасының үйлестірушісі: – 2014-ші жылы ашылған болатын. Қазіргі таңда еріктілер саны бес мыңнан жоғары. Ол сан өсіп келе жатыр. «Экспоға» өте көп кандидаттар қабылдадық. Олардың ішінен 900 адамды таңдап алдық. Универсиада кезінде 30 мың мейманның көңіліне кірбің түсірмей біраз ысылған алматылық еріктілердің ең үздіктері, енді елордаға сапар шекпек. 900 адам үш топқа бөлініп, олар бір-бір айға «Экспо-2017» көрмесіне жіберіліп отырады. Еріктілердің барлығы қаладағы жоғарғы оқу орындары мен колледждердің үздік студенттері. Ару Әлібай, Алматы қаласы еріктілер лигасының мүшесі: - Бір ай сол жақта болғандықтан, тіліміз өте жақсы деңгейде жаттығып қалады деп ойлаймын. Ол жақта қатынасу үшін де тіліміз өте жоғары деңгейде болуы керек. Сол үшін біз қазіргі таңда дайындалу үстіндеміз. Еріктілер – ісіне адал, тек рақмет үшін жұмыс істейтін жігерлі жастар. Олар білім мен қоғамдық процестердің бел ортасында жүруді қалайды. «Экспо» қалашығының қызған тіршілігіне сүңгіп, шет елдік қонақтың жай-күйіне алаңдағаны үшін, ресми жалақы алмадық деп ренжімейтін жалғыз топ осы. Мағжан Мырзағали , Алматы қаласы еріктілер лигасының үйлестірушісі: – Еріктілерге жататын орын, тамақ. Астанаға жол сапары барлығы төленетін болады. Сонымен қатар телефон нөмірлері тегін. «Экспо» жаһандық көрмесі қарсаңынд,а әр өңірден ат басын Астанаға бұратын еріктілерге жүктелетін міндет зор. Олар келуші делегациялар, туристер және түрлі қонақтармен қоян-қолтық жұмыс атқарады. 2 500 000 турист келеді деп күтілген Экспо аясында, олар барлық қажетті жабдықтармен қамтылады.