Балалардың қазіргі сән әлемі

Сообщить о проблеме с эфиром
Есіңізде ме? Бала кезімізде ата-анамыз алып берген көйлекті киіп, көбіміз талғам мен таңдау дегенге аса қызықпаушы едік. Ал, бүгінде балақайлар өздері киім таңдап қана қоймай, олардың арнайы фешн көрсетілімдері де ұйымдастырылады. Балалардың қазіргі сән әлеміне саяхаттаған тілшіміз баяндасын. Балалар сәні - фэшн-индустрияның маңызды бір бөлігіне айналғаны қашан. Қыз балалар тек қана алқызыл түсті көйлек, ал ұлдар көгілдір реңкті жейде киіп жүретін заман баяғыда артта қалған. Виктория Момынбаева, бизнес-леди: - Мен өз балаларымды белгілі бір стильге, модаға байланысты киіндіруге тырысамын. Бірақ, көбінесе өз таңдауларына ерік беремін. Әрине, кішкентай кездерінде өзім киіндірсем, қазір барлығын өздері таңдап алады. Балаларды ерте жастан сәнге баулып, артық дүниелермен бас қатырудың керегі жоқ дерсіз. Алайда, барлығы сіз ойлағандай емес. Бүлдіршіндерді кішкентайынан стильді киіндіру, болашақта эстетикалық талғамының қалыптасуына негіз болады екен. Сондай-ақ, психологтардың пайымдауынша әдемі киінген бала өз-өзіне ұнап, қоршаған ортада өзін еркін, сенімді сезінеді. Виктория Момынбаева, бизнес-леди: - Менің ойымша анасы мен қызының бірдей киінгені өте сүйкімді көрінеді. Сондықтан, қызымыз екеуіміз бірдей болып жүруге тырысамыз. Иә, қазіргі балалардың «ересектер сияқты киінгім келеді» деген арманы бар. Сән үйлерінің басым бөлігі де бүгінде үлкендер мен кішкентайларға арнап, топтамаларын тігуде. Қазақстандық дизайнер Алекс Чжен бұл үрдісті құптамайды. Алекс Чжен, дизайнер: - Мен балалар брендінің үлкендерді қайталағанына түбегейлі қарсымын. Олардың өз көңіл-күйі, әсері, балалық шағы болуы керек. Барлығы өз уақытысымен. Үлкендерше де киінетін кез келер. Барлығымыз, балдырғандар киімінің ересектерге қарағанда қымбатқа түсетінін байқаймыз. Негізінен, бэйби фэшн бизнестегі ең қымбат кластер болып саналады. Себебі, балалар киімінің матасынан бастап, тігісіне дейін өз ерекшелігі бар. Мұның барлығы, тауар құнына тікелей әсер етеді.