Раф Симонс енді бірінші ханшайымдарды киіндіретін болар!

Сообщить о проблеме с эфиром

Раф Симонс енді бірінші ханшайымдарды киіндіретін болар! Себебі, фэшн өндірістегі ең беделді атақ - CFDA Awards оның абыройын асқақтатып тастағаны анық! Қазірдің өзінде, Хайди Клум, Николь Кидман, Джиджи Хадид сынды сылқымдар сәнгердің шашбауын көтеріп жүр!

CFDA Awards салтанатын сән «Оскары» дейді. Себебі, жүлденің жаһандық фэшн өндірісте беделі академия марапатымен пара-пар. Шоу ұйымдастыру жағынан да кинобәйгеден кем түспейді. Қызыл кілемде бой көрсеткендердің барлығы дерлік соңғы тенденцияның талаптарын сақтауға талпынады. Жанель Монэ – актриса: «Өзіме қолайлы, жаныма жақын үлгіні таңдауға тырыстым. Себебі, кіл сән саласының мықтылары бас қосқан алаңда даралану қиын. Ақ пен қараның үйлесімі әрқашан ұтымды көрінеді дегенді ұстандым.» Шоу бизнестің саңлақтары мен подиум ханшайымдары өздері үшін оқ бойы озық тұратын сәнгерлердің шашбауын көтеріп келуді дағдыға айналдырған. Мәселен, Хайди Клум Зак Позенмен қолтықтаса шықты. Хайди Клум және Зак Позен: «Кіл тісқаққан сәнгерлер сайысқа түскенімен, бұл бәйге бізге фэшн әлемнің жаңа есімдерін де таныстырады. Солай емес пе, Зак? - Әрине, бұл ұлы күн! Себебі, жеңімпаз дизайнер мыңнан тұлпарлар арасынан таңдалады.» Фэшн өндірістің беделді 300 өкілі үздіктерді анықтайтын Америкалық модельерлер кеңісінің триумфаторы болып биыл Раф Симонс атанды. Calvin Klein-ның креатитвті директоры үздік әйел және ер адам киімдері үшін тігілген жүлдені қанжығалады. Сәнгердің әрдайым минимализмді жалау ететінін ескерсек, қазыларды сол қырымен тәнті еткен болуы керек. Диана фон Фюрстенберг – сәнгер: «Нағыз таланттарды таңдайтын күн. Себебі, күнде өзгеріп, дамып жатқан өндірісте тек шын дарындылар ғана сытылып алға шыға алады.» Үздік шетелдік дизайнер - Демна Гвасалия, Сән кеңесінің арнайы жүлдесі - Сесиль Ричардс, Глория Стайнем және Жанель Монэге бұйырды.