Сэлфи жасаймын деп, оқыста аяғынан айырылған отандасымыз Дима Киманы, дәрігерлер мүмкіндігі шектеулі жандар тізіміне қосып тастағанды

Сообщить о проблеме с эфиром
Сэлфи жасаймын деп, оқыста аяғынан айырылған отандасымыз Дима Киманы, дәрігерлер мүмкіндігі шектеулі жандар тізіміне қосып тастағанды. Тек, көкірегі жалынға толы жігіт арбаға таңылуға құлықты емес еді! Сондықтан да, айналдырған үш ай ішінде сахнаға қайта оралып, бишілік мансабын жалғаудың жолын тапты. Алматыда туылып, ат жалын тартып мінер шаққа дейін Алатау баурайында өскен Дмитрий Ким мансабын дамыту мақсатында Ресейге аттанғанды. Ивановада, кейін Мәскеуде жүріп талай белесті бағындырды. «Танцы» шоуына қатысып, Анита Цойдың командасында іс атқарып, әрі қарай «Винтаж» тобымен әлемді шарлады. Кезекті сапарында Лос-Анджелеске табан тіреген жігіт сол алып шаһардың тұрғыны болуға шешім қабылдайды. Мұхиттың арғы жағында жүріп-ақ сүйікті ісін жалғаған Дима Киманың бұл сау аяқпен соңғы түскен бейнебаяны. Біраз жобаларды тәмамдап, жаңа жылдық демалысын өткізіп, бірде әдемі батқан күн аясында суретке түспекке ниеттенеді. Кадр әсем шықсын деп қақпаға сүйенген сәтте бетон қамал аяғына құлаған. Бір ай төсекке таңылғанымен, «уақыт өте шауып кетермін» деген үміті алдапты. Жарақаты дендеген аяқты дәрігерлер сақтап қала алмаған. Алты сағат бойына тоқтаусыз көз жасына ерік бергенін айтады Дима. Бұл «Тағдырың тәмам» - деген үкім естігенмен пара-пар еді. Тіпті өмірімен қош айтысуды ойлаған жігіт, кейін жігерін қайтадан жани түсуге бекінген. Дима Кима – биші: «Жүгіргім келеді! Тек, аяғым әлі де әлсіз! Ауырсынғандықтан, көп қимылды жасай алмаймын. Бірақ, өзімді мүгедек сезінгім келмейді. Сондықтан, қайта үйренемін, еңбектенемін, біраз уақытта мақсатыма жетемін. Мені жан-жағымдағы жандар және үнемі тілдесіп отыратын инста фолловерлерім қанаттандырады.» «Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге!» Ол өзінің кемтар емес, өзгелерден ерек екенін дәлелдеуге ниетті. Сондықтан, жаттығуларын жалғастырып, би алаңына қайта оралды. Достары бірігіп, шоу ұйымдастырып, жиналған қаржыға Димаға протез алуды көздеген. Әрине, 50 мың доллар бір кеште жиналмаса да, Дима сол сәтте бенефисін жасады. Ол – қайта оралды. Дима Кима – биші: «Жұрттың ерекше таңданысына куә болдым. Аяғым ауырсынса да, билеуге талпындым. Бұл шоуды американың ең беделді бишілері ұйымдастырып, бір апта бойына дайындық жүргізді. Онсыз да, керемет кеш менің аяққа қайта тұруыммен одан әрі әрлене түсті.» Бүгінде, Дима Софи Манасянға хореография меңгертіп, өзі де күнделікті жаттығуын жалғау үстінде. Бұдан бөлек, аяқсыз қалған жігіттің өмірі жайлы влог түсіруді қолға алған.