Головкин өз жанкүйерлеріне Сауль Альвареспен жұдырықтасуына ресми шақырту жолдады!

Сообщить о проблеме с эфиром
Головкин өз жанкүйерлеріне Сауль Альвареспен жұдырықтасуына ресми шақырту жолдады! Бұл бокс майданының Лас-Вегас төріндегі Т-Mobile аренасында өтетіні осылай расталды. Шейхтар мен Еуропа алыптары өткізсек деп таласқан жекпе-жек неге ойынханалар отанында болмақ? "16 қыркүйекте Лас-Вегаста көрісеміз", - деп жазды Головкин Instagram желісіндегі парақшасында. Бұл Генаның жекпе-жегі үшін мұхит асып баруды парыз санайтын қазақстандық жанкүйерлері үшін де ресми шақырту. Альварес - Головкин жекпе-жегі Лас-Вегастаға 20 мың адам сиятын T-Mobile Arena-да өтетіні жақында ғана белгілі болды. Абель Санчес өз тәлімгері Головкиннің мексикалық қарсыласы Сауль Альваресті жеңу үшін Флойд Мейвезердің жоспарын ұстанбайтынын айтты. Бапкер, Мейвезердің Мэнни Пакьяомен жұдырықтасқанындай бұл жекпе-жектің іш пыстырар кездесу болуын қаламайды. Рингтегі татымсыз айқастарды «Вig drama show»-ды сүйетін Геннадийдің жақтырмайтыны бесенеден белгілі. Альварес – Головкин майданында жерлесіміздің барлық чемпиондық белбеуі мен "Канелоның" The Ring журналының белбеуі тігіледі. Бокс тарихындағы он жылдыққа бергісіз жекпе-жекте орта салмақтың шын саңлағы анықталады. Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойя 16 қыркүйекте "Канелоның" дәуірі тұғырға шығады деп батыл айтты. Оның сөзінше оныншы раундқа жетпей "Канело" нокаутпен жеңеді. Бокстың абыройлы мамандары Головкиннің ұтарына шүбәсіз сенеді. T-Mobile Arena 20 мың көрерменге лық толып, Альварес – Головкин айқасының тікелей ақылы трансляциялардағы көрсеткіші 3 млн-ға барады деп күтілуде. Әзірге 4,6 млн. сатылым тіркеген Мейвезер мен Пакьяо бұл тізімнің көш басында. Сонымен қатар, қазақстандық бокс жұлдызы Қанат Ислам IBF-тің жаңарған рейтингінде үздік үш боксшының қатарына қосылды. Мамыр айының соңындағы жекпе-жектегі жеңісінен соң Қанат осы нәтижеге қол созды. Өткен айда 6-орында болатын. IBF чемпиондық атағы америкалық Джарретт Хёрд еншісінде. Ал, рейтингтің көшбасшысы франциялық боксшы Седрик Виту.