Актриса Айнұр Ниязова отандық киноны дамытуға үлес қоспақ

Сообщить о проблеме с эфиром

Сапасыз сериалдардан жалыққан актриса Айнұр Ниязова отандық киноны дамытуға үлес қоспақ. Сондықтан, жанына жақын поэзияны экранизациялауға кірісті. Актрисалықты да, режиссерлікті де өз мойнына жүктейді. Енді, бұл еңбегін кәсіби мамандар бағалайтын болады.

Мансап баспалдағының алғашқы сатыларында теленовеллаларға түсуден бас тартпаса да, Айұр Ниязова бүгінде сомдайтын әр рөліне мұқият. Сондықтан болар, коммерциялық жобалардың орнына арт-хаус картинаны таңдап, театр сахнасындағы спектакльдерге көбірек ден қояды. Сапалы дүниеге деген құлшынысы оны поэзияны экранизациялауға жетеледі.

Айнұр Ниязова, актриса, режиссер: «Өлеңнің мағанасына, әр жолына байланыстырып кадрлар жинақтадық. Бірақ, кітапқа түскен дүниенің экранизациясын көпшілік қабылдай алмай жатады. Себебі, қысқартылып, түпнұсқа толыққанды жетпей қалады деген пікір бар. Расында, бейнероликтер поэзияның кеңінен таралуына ықпал етеді.»

Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылған «Жібек жолы» кинопоэзия фестиваліне Айнұр Ниязовадан бөлек жеті режиссер жобаларын ұсынды. Ұйымдастырушылар Сафар Шакеевтің де өмірінің соңында таспалаған «Тяжело принять» туындысын арнайы таңдап, бағдарламаға енгізіп отыр. Әдеби биеннале елде кенже қалған жанрға жан бітіруге құлықты. «Қара түске ғашықпын» қысқаметрлі туындысын арнайы осы бәйге үшін таспалаған Айгүл Ахсамбиева жоба рухани өсуге ықпал боларын айтады.

Айгүл Ахсамбиева, режиссер: «Мен үшін қиын. Себебі, бұл алғашқы жұмысым. Мүмкін клиптерді, ән клиптерін жасауға үйреніп қалған режиссерлар үшін мүмкін бұл ыңғайлы болушы еді. Қазақша түсінетін, өлеңді оқып көкірегіне түйіп ала алатын көрермен үшін бұл сюжет те, экранизация да түсінікті болатын шығар деген ойдамын.»

Шәкәрім, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сынды азулы тұлғалардың туындылары экранизацияланған. «Поэзияны оқырманға жеткізудің тиімді жолы осы», - дейді ақындар.

Назгүл Сарыбай, «Қара түске ғашықпын» өлеңінің авторы, ақын: «Жаныңды шырмаған түнектен бір сәуле іздеу мақсатында туған өлең болатын. Соқыр қызбен егде адамның махаббаты арқылы берудің өзінде үлкен бір философиялық мән бар. Концепциясы маған өте ұнады.»

«Жібек жолы» кинобәйгесін ұйымдастырушылар туындыларды мейлінше халыққа жеткізу қамын күйттейді.

Ғазиза Ғабдрахимова, «Жібек жолы» фестивалінің музыкалық продюсері: «Экспо аясында Астанада көрсететін боламыз. Міндетті түрде қаланың кинотеатрларында көрермендерді шақырып, көрсетеміз. Және де интернетке өзіміздің сайтқа орналастыратын боламыз.»

Кинопоэзия жанрын насихаттайтын жоба дәстүрлі болмақ.