Кентал өз шығармашылығымен шет елдік тыңдармандарды таңырқатса таң қалмаңыз!

Сообщить о проблеме с эфиром

Кентал өз шығармашылығымен шет елдік тыңдармандарды таңырқатса таң қалмаңыз! Әр әнін Алматыда әрлейтін Талғат, бұл жолы қалыпты үрдісінен бас тартты. Өнер иесі тың тректерін бүгінде мәскеулік музыканттарға өңдетіп жатқан көрінеді.

Әр сәті тығыз кестеге түзілген біздің жұлдыздар, жаздың жаймашуақ күнінде бас қосты. Олардың шығармашылық хақында айтар жаңалықтары жетерлік! Мәселен, осы уақытқа дейін отандық музыканттармен жұмыс жасап келген Кентал, кезекті әнін шет елдік студиялардың бірінде жаздырып жатыр.

Кентал, әнші: -Осы әнді Москвада жасаймын. Ол жақта бір жынды музыкант бар. Джон деген кісі. Сол маған істеп береді аранжировка! Мен үшін бұл ән өте қымбатты, аса құрметті ән! Өзім шығарған, жазған әнім.

Кешкі серуенге келген танымалдардың тізімінде актер Әзиз Бейшеналиев те бар! Бұл жолы «Артишок» актері, театр көрермендеріне деген жағымды жаңалығын жеткізді.

Әзиз Бейшеналиев, актер: «Артишок» театрының қойылымдарын үлкен сахнада көру мүмкіндігі туды. Осы уақытқа дейін кіші залда ғана көрермендермен қауышсақ, өнер ошағындағы өрісіміз кеңейіп, бұдан былай көлемді спектакльдерді ұсынатын боламыз. Бұл біздің ұжым үшін үлкен мәртебе!

Әнуар Нұрпейісов керісінше өнерден алшақтамақ! Актер енді кәсібін өзге салада дөңгелетуді жөн деп шешіпті.

Әнуар Нұрпейісов, актер: -Бұл менің өзімнің таңдауым! Өйткені, өкінішке орай біздің медиа саламызда жүрген әртістер, теледидарда, кинода болсын аса көп қаржы жинай алмайсыз. Сондықтан, өзімнің бизнес жобаларым болғандықтан, аса көп уақытымды киноға бөле алмаймын.

Ашық аспан астында жүздескен жұлдыздардың жоспары мұнымен шектелмейді. Бұл алаң - жаздың жаймашуақ күнінде бас қосқан әріптестер үшін тың идеяларды талқылап, жаңа жобалардың іске асуына септігін тигізетін шығармашылық ізденіске пара-пар.