Азулы боксшы Андре Уордпен реванш жасаған Сергей Ковалев тағы ұтылды

Сообщить о проблеме с эфиром

Азулы боксшы Андре Уордпен реванш жасаған Сергей Ковалев тағы ұтылды. Бір қызығы, жекпе-жекте тіркелген техникалық нокауттың өзі көзге оғаш көрінеді. «Төреші бүйрегін бұрды», «Уорд белден төмен бірнеше рет ұрды» - деп, дауласқан ресейлік спортшының командасы тиісті шағым да түсірмек.

Сергей Ковалев өз мансабында осымен екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Ресейлік боксшы бұған дейін 33 жекпе-жек өткізіп, 30 жеңіс, 26 нокаут тіркеген сабаз. Бірақ, өзін 2016 жылдың қарашасында ұпаймен ұтқан америкалық қарсыласына, күні кеше Лас-Вегаста да шарасыздық танытты. Әлі тауы шығалмаған Андре Уорд өз жеңістерінің санын 32-ге жеткізді.

Былтырғы Ковалев – Уорд айқасында америкалық нокдаун алса да, ұпай санымен жеңімпаз атанған еді. Біраз бокс жанкүйерлері бұл кеште «төрешілер бұра тартты» деп дауласқан. Ресейлік боксшының чемпиондық белбеулерді қайтарар мүмкіндігі болған осы реваншта, рефери еш санақсыз-ақ техникалық нокаут тіркеді.

Сергей Ковалев, кәсіпқой боксшы: – Бір, екі мәрте белден төмен соқты. Мұны қалай байқамауға болады?! Үшінші тиген соққыдан ауырсынып, белімді сәл бүккенде техникалық нокаут бере салды. Мен жекпе-жекті жалғастыруға толық қауқарлы болдым.

Лас-Вегастағы майданда ринг төрешісі болған Тони Уикс өз қателігін мойындады. Ол Уорд тарапынан Ковалевқа белден төмен жұмсалған соққыларды техникалық нокаутты есепке алмағанша байқамапты. «Лас бокс» деп жанкүйерлер де айдар таққан бұл кездесудегі сегіз раундтың алтауында, Ковалев дәл соққылар бойынша алда тұрған. Енді оның промоутерлері жекпе-жек қорытындысына қарсы шағым түсірмек.