«Қайрат» футболшыларының голдары Литвалық «Атлантас» жанкүйерлерін қалай жылатты?

Сообщить о проблеме с эфиром

Месси тойға айналғанда, «Қайраттың» алты соққысы жауапсыз голға айналды. Мұны естіп бөркіңізді аспанға атқаныңыз анық... Алматыда өткен бұл матчтан «Атлантас» командасы Литваға жылап қайтты деп ойлайсыз ба?! Орталық стадиондағы сол ойында біз де болған едік.

«Қайратта» Гоу бар, Гоу бар жерде гол бар, гол болғанда мол бар. Ол матчтың 21-ші минутында есеп ашты. Араға 5 минут сала Андрей Аршавин 11 метрлік айып соққысын сәтті орындады.

30-шы минутта Георгий Жуков жарақатына байланысты өз орнын Иво Илишевичке босатты. Ол алаңға шыға сала екі минуттың ішінде көзге түсті. Есеп 3-0. Жеррар Гоудың қарсылас қақпасының алдында ойқастай келіп берген пасын сәтті пайдаланды.

Бірінші тайм аяқталар тұста жеке шеберлігіне иек артқан Андрей Аршавин, "Атлантас" қақпасына төртінші голды соқты. 50-ші минуттағы қарымта шабуылда литвалық команда қорғаушысы Ивоға қарсы айып алаңында ереже бұзды. Төреші белгілеген пенальтиді бұл жолы Жерар Гоу ойдағыдай орындады. 73-ші минутта тағы да Иличевич "Атлантас" қорғаушыларын алдап өтіп, айып алаңының сыртынан шірене теуіп, алтыншы допты қақпада тулатты.

Давид Андроник, «Атлантас» ФК жартылай қорғаушысы: – Бізге тәртіпті әрі жүйелі ойнап, қарымта шабуылдарда қимылдау тапсырмасы жүктелді. «Қайрат» өзінің мықтылығын мойындатты. Командамыздағы бес негізгі ойыншының жоқтығы да сезілді.

Қос-қостан гол соғып, дубль авторлары атанған Гоу, Аршавин және Иличевич осы кештің жұлдыздары. Қызыл қағазына байланысты ойынға қатыспаған Бауыржан Исламханды ешкім жоқтатпады.

Андрей Аршавин, "Қайрат"ФК жартылай қорғаушысы: - Біз тиісті уақытта, тиісті голдарды соққандықтан матч оңай болды. Үзіліске дейін-ақ есеп 4-0 болатын. Екінші таймда біз аса беріліп ойнамадық. Әркім жеке шеберлігін сынға салып, гол соғуға тырысты.

Айта кетейік, қарымта матч 6 шілдеде Литвада өтеді. «Атлантас» өз үйінде «Қайраттың» екінші құрамымен ойнайтын секілді. Алматылық клубтың жоспары негізгі футболшыларын аздап тынықтырып, Еуропа Лигасындағы жеңісті жолын жалғастыру.