Еркебұлан Дайыров Балуан Шолақ рөлі үшін қысқа мерзімде 10 келі салмақ қосқан

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақ халқы «жауырыны жерге тимеген» палуандарға қашан да бай ғой... Киносы түсіріліп жатқан атақты Балуан Шолақтың өмірі де осыған айғақ. Нұргелді Садығұлов режиссерлік еткен бұл фильм үшін, тіпті арнайы жәрмеңке де бой көтерген.

Еркебұлан Дайыров Балуан Шолақ рөлі үшін қысқа мерзімде 10 келі салмақ қосқан. «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғаны сомдау оған қиынға соғып жатқан көрінеді. Фильм үшін актер сақал өсіріп, күреспен шұғылданып, тіпті жекпе-жек сахналарына да өзім тікелей ат салысамын деп шешкен.

Еркебұлан Дайыров, актер: – Қиын трюктерді істеуге мақтанып қажеті жоқ. Өйткені каскадер емеспін. Төбелес сахналарының барлығы өзіміздікі. Маған тікелей ақыл беруші және жаттықтырушы Ұлан Рысқұл дейтін «Қазақстан барысы» бар, сол бауырымыз көп көмектесті.

Балуан Шолақ - батыр, палуан және романтикаға жаны жақын сері. Бұған оның ғашығы Ғалияға арнаған атақты әні дәлел. Еркебұлан Дайыровтың екінші қиналған тұсы да осында.

Еркебұлан Дайыров, актер: – Өмірде де жалпы былай өте қатты романтик адам емеспін. Жалғыз бұл кино ғана емес, бұған дейінгі спектакльдерде махаббат сахнасы маған қиынға түседі.

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылының маңында «Балуан Шолақ» көркем фильмі үшін арнайы Қызылжар жәрмеңкесі тұрғызылған. Картина режиссері Нұргелді Садығұловтың сөзінше негізгі сахналар осында түсірілуде.

Қазіргі таңда фильмнің жартысы таспаланған. Көпшілік сахналарға үш жүзге жуық адам қатысқан. Кегендегі түсірілімнен соң, шығармашылық топ Көкшетау мен Павлодар қалаларына аттанбақ.