«Тhe magic of nomads» ұжымы концерттік бағдарламаcын қызу әзірлеу үстінде

Сообщить о проблеме с эфиром

МузАрт-тық марғасқалар елорда тұрғындары мен ЕХРО қонақтарына музыка мерекесін тарту етсе, Астана төріндегі ауқымды шараға ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген «Тhe magic of nomads» ұжымы да концерттік бағдарламаcын қызу әзірлеу үстінде.

Шағын ғана аудиторияда шығармашылық кеш өткізген «Тhe magic of nomads» «ЕХРО-2017» көрмесінің құрметіне ауқымды шоу даярлап жатыр. Бұл концерттік бағдарламада 20-ға жуық музыкалық туындылар тоғысқан. Тамыз айының басында, өнерпаздар осы көне шығармаларды жаңаша өңдеуде астаналықтарға тарту етеді.

Ғазиза Ғабдірахимова, қобызшы: -Біз бұл жаңа бағдарламаға бұрын орындалмаған 1-2 халық композиторлерінің күйлерін қосып жатырмыз. Және де өзіме ұнайтын ерекше шығарма, Төлеген Момбековтің «Салтанат» деген күйін арнайы шығарып жатырмыз, оркестрмен.

Тыңдарманға әзірлеген бұл «Көшпенділер құпиясы» мұнымен шектелмейді. Бір қызығы концерттік бағдарламаның арнайы реттік тәртібі жоқ. Кеш барысында көрермен көңіл-күйін жіті бақылауда ұстайтын музыканттар, ара-тұра импровизацияға да ерік беретін көрінеді.

Ғазиза Ғабдірахимова, қобызшы: -Көбіне біз былай бір-біріміздің көзқарасымыздан келесі шығарманы сезіп отырамыз. Мысалы, халықтың көңіл-күйі философиялық болса, біз оған сай шығарма береміз. Немесе халық билегісі келсе, оған басқаша шығарма береміз...

Қазақстанда өздерін сүйетін санаулыларға сапалы музыканы ұсынатын «Тhe magic of nomads-қа» шет елдік тыңдарман тік тұрып қол соғады. Өйткені, отандық өнерпаздар ұлттық музыканы насихаттаудың дара жолын тапқан.

Ғазиза Ғабдірахимова, қобызшы: -Бұл тек қана ұлттық нақыштағы музыка емес, бұл ұлттық музыканы алып, соны жаңаша өңдегендіктен, оны заманауи тілмен түсіндіргендіктен ол шет елдің адамдарына өте түсінікті, өте жақын болып келеді.

Мәселен, Әзиз Бейшеналиев, «Тhe magic of nomads-тың» тұрақты тыңдармандарының бірі. Актер, тығыз кестеде түзілген жоспарларын бір шетке ысырып, шығармашылық ұжымның концертіне арнайы ат басын бұрған.

Әзиз Бейшеналиев, актер: -Осыдан 2-3 сағат бұрын фейсбуктен бұл концерттің афишасын көріп қалдым. Бірден бүгінгі жұмыс кестемді өзгертіп, осы жаққа қарай бет алдым. Себебі мұндай музыка кешін тамашалағанда ерекше әсерге бөленемін.