«Қайрат» пен «Ертіс» футбол клубтары Еуропа лигасының келесі кезеңіне өте ала ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Біреулер ән салады, біреулер гол соғады... Соның арқасында, «Қайрат» пен «Ертіс» Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңіне өткен. Олар қарсыластарын қонақта оңай ұта білді. Біздің қос футбол ұжымымен ендігі бәске түсетін командалар кімдер? «Қайрат» үшін Еуропа Лигасы іріктеу турының екінші айналымындағы қарсыласы - Албаниялық "Скендербеу". Аталмыш ұжым 2015-2016 жылы Чемпиондар Лигасының плей-офф сатысына бір табан таяп, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне түсіп өзіндік сенсация тіркеген. Еурокубоктар маусымында қалпақпен ұрып алар қарсылас жоғын «Қайрат» жақсы ұғады. Еуропа Лигасына тың сүрлеу салсам дейтін алматылық команданың асығы осы кездесуде алшы түсерін, футбол мамандары мен букмекерлік кеңселер болжауда. «Қайрат» былтыр басым түскен "Црвена Звезда" енді павлодарлық «Ертіспен» тартысады. Сербияның ең атақты командасымен «Ертіс» ұжымының Еуропа Лигасы аясындағы бұл матчы ауыр болмақ. Қос қазақстандық клуб та, 13-ші шілдеде өз алаңдарында қарсыластарымен ойнайды. Қарымта кездесулер араға бір апта сала. «Ордабасы» бірінші айналымда сүрінген соң, Еуропа Лигасы жолындағы майданда үміт артарымыз «Қайрат» пен «Ертіс» командалары. «Шахтер» мен «Астана» клубтары жасаған тарихты қайталайтын, жаңа қазақстандық футбол ұжымын жанкүйерлер де ұзақ аңсауда.