Рүстем Әбдіраш «Қазақ хандығы» киножобасының екінші бөлімін таспалауды жоспарлап отыр

Сообщить о проблеме с эфиром

БАҚ өкілдерінің басын қосқан режиссер, аталмыш картинаға айтылған сыни пікірлерге жауап беріп, оның жалғасы қандай болмағын баяндады.

Ауқымды киножобаның 10 бөлімнен тұратын екінші маусымы Жәнібек ханның қайтыс болуына дейінгі аралықты қамтымақ. Бұл жолы Жәнібек, Керей, Қасым, Бұрындық сынды хан-батырлардың қатарын тағы алты кейіпкер толықтырады.

Бүгінде, жаңа жобаға 100-ге жуық сахналық декорация әзірленіп жатқан көрінеді. Алайда, алғашқы бөлімі табысты болғанымен, «біткен іске сын айтқандардың қарасы азаймай тұр» - дейді, режиссер!

Рүстем Әбдіраш, режиссер: -Біреулер әдейілеп біреудің заказымен сынағандар бар. Біреулер надандықпен сынағандар бар. Оларды ысырып тастап, ішінде ақылды, объективті тұрғыда, біз байқамай қалған жағдайлардан туындаған нәрселерге сындар болып жатса, ондай сынға қарсы емесін.

Осы баспасөз-мәслихатына арнайы келген Сатыбалды Нарымбетов, өз шәкіртінің шеберлігіне көңілі толғанын жеткізді. Алайда, ұстазы олқылықтың орны байқалса, дер кезінде ақыл-кеңесін беруге де әзір.

Сатыбалды Нарымбетов, режиссер: -Мына фильмде бадырайып тұрған кемшілік жоқ! Ал, профессионалдық, жеке шеберлік тұстарына келгенде мен шәкіртіме жеке құлағына сыбырлап айттым. Келесі сериалда мына жері қайталанбаса, мына жері мынадай болса... Біз өзі кездесіп, сырласып отырамыз.

«Қазақ хандығы: Алмас қылыш» жобасы жайлы айтылған сынның сыбысы актерлық құрамның да құлағына жеткен. Картинада Бұрындықты сомдаған Аян Өтепберген жағымсыз пікір жазғандарға өкпелі.

Аян Өтепберген, актер: -Тарих ол қиын сұрақ та. Мысалы әркім өзінің ойы арқылы көреді. Біреулер таза киноның тілін түсінбейді де. Ал, киноның тілі ол мүлдем басқа. Тура тарихтағы нәрсені біз экранға шығара алмаймыз. Дегенмен, экран көркем нәрсе. Сондықтан, сұрақтар болып жатады.

Бірақ, ту сыртынан айтылған ретсіз ескертулер, түсірілім тобының сағын сындыруға себепші емес! Шығармашылық ұжым, жаңа жобаның жұмысын осы жылдың күзінде зор қырқынмен бастауға ниетті.