Сән әлемінен киноға! Лос-Анджелесте киім тігумен танылған қос дизайнердің енді жаңа кинокартинасының тұсауы кесілді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Лос-Анджелесте сәнді сылқымдарға әдемі киім ұсынып жүрген Рода́рт брендінің қос дизайнері өздерінің дебьюттық кинокартинасының тұсауын  кесті. Ең қызығы, әпкелі-сіңлілі Кейт пен Лора МуллЕви таспалаған туындының сюжеті сән саласына мүлде қатысы жоқ.

Әлемді әдемілікке баулып, сән саласында өзіндік қолтаңба қалыптастырған әпкелі-сіңлілі дизайнерлердің алғашқы картинасы «Вудшок» деп аталады. Кейт пен Лора кинотуындының режисерлік жұмысын ғана емес, сценариін жазуды да өз мойындарына алған.

Кейт Муллеви, дизайнер:

-Дизайнер ретінде әрдайым шоу ұйымдастырып жүргендіктен кино түсіру қиынға соқпады. Жаңа бастамам арқылы шығармашылығым одан әрі шыңдала түскендей..

Сюжет желісі Тереза есімді бикештің басынан өткерген оқиғасы негізінде өрбіген. Инди-драмаға киносыншылар әзірге оң қабақ таныта қоймады. Алайда, дизайнерлер актриса Кирстен Данстың арқасында фильмнің ойдағыдай шыққанына бек сенімді.

Кирстен Данс,  актриса:

-Өзім әсершіл болғандықтан, көрермен қалай қабылдайды деп уайымдаудамын. Менің сомдаған образым өте қиын, эмоциналды. Қолымнан келгенше фильмнің түпкі ойын көрерменге жеткізуге тырыстым.

Еске салар болсақ, кино әлеміне жаңадан қадам басқан, Кейт пен Лора әйгілі «Рода́рт» брендінің негізін қалаушылар. 2005 жылы құрылған сән үйінің киімдері бүгінде Натали Портман, Дженнифер Лопес, Эмма Уотсон, Кира Найтли, Мишел Обама сынды танымал сылқымдардың үлкен сұранысына ие.