Бала дауысы тәлімгерлерінің арасында қызу бәсеке басталды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жыл сайын өтетін «Бала дауысы» байқауының биылғы үміткерлері жұлдызды үйге жайғасты. Ал, әзірлікке қызу кіріскен жас өрендер, бүгін Мәдина Садуақасова, Әли Оқапов және «Асылдық» Ақерке Бүркітбаймен кездесіп, алғашқы дайындықты өткізді.

Тәлімгерлерін құшақ жая қарсы алған жас дарындардың жеңіске деген құлшынысы керемет. Сондықтан, уақытты көп созбай бірден дайындыққа кірісті. Ақтық сынға еліміздің 14 облысынан бір-бір үміткерден таңдалса, Елордамыз бен Алматы шаһарынан екі өнерпаз бақ сынамақ. Мәселен, Мәдина Садуақасова биыл оңтүстік астаналық қос өренге ұстаздық етеді.

Мәдина Сәдуақасова, әнші:
- «Бала дауысы» байқауының шарты бойынша, 500-ден асатын болса қатысушылардың саны міндетті түрде бір емес, екі баланы алуға болады. Оның бір емес 3-4 талантты балалар болды.

Жас жұлдыздар додасында, өз шәкірттерім жүзден жүйрік шықсын деп тәлімгерлер де аянбай тер төгуде. Мәселен, тараздық жас талант пен «Асылдық» Ақерке қобыз аспабының сүйемелдеуімен ерекше әнді әзірлеп жатқандарын жеткізді.  

Ақерке Бүркітбай,  «Асыл» тобының әншісі:
-Бірден ойладым іштей қобызымды алып шығамын. Бірақ, оны қалай келістірсем болады деп. Сосын бірден шештім, әрине мен қобызбен шығамын. Себебі, менің алғашқы мамандығым қобызшы. Сахнада қобызбен өте әдемі, патриоттық әнді орындап шығамыз.

Классика, халық әні және эстрада! Батыс өңірінде жас әншілерге іріктеу жасаған Оқаповқа, дәл осы үш бағытта ән салатын үздік өнерпаздарды таңдау қиынға соғыпты. Алайда, Әлидің стиліне жақын Әлиханның асығы алшысынан түскен көрінеді.

Әли Оқапов, әнші:
-Әлихан мен Әлидің бағыттары ұқсас, Әлихан мен Әлидің түрлері ұқсас. Ол да мен сияқты қараторы. Әлихан мен Әлидің аттары ұқсас. Сондықтан, шыныменде бірге жақсы өнер көрсетеміз деген ойдамын. Өйткені, біздің бағытымыз бір.

«Бала дауысы» байқауының ақтық сыны үш кезеңнен тұрады. Алғашқы айналымда жас өрендер тәлімгерімен дуэт орындаса, екінші кезеңде қатысушылар бір-бірімен қосыла ән шырқайды. Үшінші турда жеке орындаушы ретінде сайысқа түспек. Финал қазан айының 27-сі мен 29 күндері аралығында өтеді.