Сырт алаңда «Маккабиді» ұтқан «Астана» бұл жолы қанша табыс тапты?

Сообщить о проблеме с эфиром

«Астана» футбол ұжымы кеше сырт алаңда «Маккабиді» жеңіп сенсация тіркеді. Бұл елордалықтарға атақты «Эвертон», «Интер» клубтарын УЕФА рейтингінде басып озуға да мүмкіндік берді. Ұтыстан соң команда бюджетіне түскен қыруар қаржы тағы бар.

«Астананың» бұл ұтысы басқаларынан өзгерек! Командалар бірінші таймда 0:0 есебімен тең тарқасты. Алаң иелері бірнеше мәрте есеп ашуға мүмкіндік алған. Тек Ненад Эричтің шеберлігі шешуші рөл ойнады. 56-шы минутта Патрик Твумасидің соққан голы ойын тағдырын шешкен еді. Елордалық клуб үшін, еурокубоктік ойындардың топтық кезеңіндегі, сырт алаңдағы алғашқы жеңісі осы.

Осылайша футболшыларымыз матчта басымдықпен допқа иелік еткен, қақпаға бес есе көп соққы жасаған қарсыласты да ұтуға болатынын дәлелдеді. Бұл еурокубоктік маусымда «Астана» әзірге жеті миллион 20 мың еуро табыс тапты. Тель-авивтік «Маккабиді» ұтқаны үшін 320 мың еуро алды. Жалпы қаржының мөлшері Еуропа лигасы аяқталғанша ұлғая бермек.

«Астана» төрт турдан кейін 7 ұпаймен "А" тобында екінші орында келеді. Прагада "Славияны" 2:0 есебімен ұтқан "Вильярреал" бірінші тұр. Чех командасында 5 ұпай бар. "Маккаби" 1 ұпаймен көш соңында. "Астана" келесі ойынын 23 қараша күні елордада "Вильярреалға" қарсы өткізбек. Қазақстан чемпионатындағы шешуші матчта елордалықтар «Ақжайықты» қабылдайды.