Актрисаларға қылмыңдап, төсекке тартатын Харви Вайнштейн сынды киногерлер Қазақстанда да бар ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Әртіс арулармен көңіл қосуға ынтық жігіттер көп-ақ. Кейбірі тіпті олардың назарын күштеп аударғысы келеді. Мәселен, қызметін пайдаланып қылмыңдап, киносынан рөл бөліп беруді төсек арқылы шешетін киногерлер Қазақстанда да кезігеді. Отандық актрисалар Харви Вайнштейннің айналасындағы жанжалдан соң, үнсіз қала алмады.

 «Криминальное чтиво», «Убить Билла», «Властелин колец» сынды картиналарды көрерменге тарту өткен Харви Вайнштейннің айналасындағы дау күннен-күнге өршіп барады. Бізді зорлады деген голливудтық актрисалар, продюсерді сотқа беруге кіріскенді. Мэрил Стриптан бастап Анджелина Джоли, Джулиана Мур, Гвинет Пэлтроулар жас кездерінде продюсерден зәбір көргендерін ашық айтты.

Қызметін асыра пайдаланып, орайы келсе жұлдызды сылқымдарды төсекке тартуға құмар жандар бізде де жетерлік екен. 

Айнұр Ілиясова, актриса:

– Әрине енді көзқарас, ым-жым деген болады. Ол бар жерде бар. Ол әрбір жұмыста бар. Біздің кинода ғана емес, барлық салада.

Тәуекел Мүсілім, актер, тележүргізуші:

– Есту бар. Ондай бар деп айтады. Ондай Америкада болып жатса, бізде де болуы мүмкін.

Дегенмен, отандық актрисалар мұндай арам пиғылдылардың атын атап, түсін түстеуден жасқанатын сыңайлы. Көрерменнің көзқарасы өзгеріп кетер деп жүрексінетін болар...

Алтынай Жолдыбаева, әнші:

– Съемканың кезінде әрине болды. Операторлар, бойдақ операторлар съемкадан кейін мені киноға шақырып, Сізбен жақынырақ таныссақ бола ма, номеріңізді алсам бола ма деген сияқты.

Қыз – қырқынға қырғидай тиіп, арын таптаған Харви Вайнштейннің бүгінде хәлі мүшкіл. Нью-Йорк полициясы оны қамауға алуға білек сыбанып отыр. Продюсерді жары тастап кетті, Киноакадемия ендігәрі есігінен сығалатпастай етіп, қуып шықты. Өз компаниясынан да аластатылып, киноәлеміндегі биік мәртебесінің тамтығы да қалмады. Оның бүкіл еңбегі – нәпсісінің құрбаны болды.