«Алтын глобусқа» кім лайықты? Шэрон Стоун жүлдеге үміттілер тізімімен таныстырды.

Сообщить о проблеме с эфиром

Голливудтық киногерлердің нағыз қобалжитын сәті туды! Себебі, Шэрон Стоун кіші Оскар саналатын «Алтын Глобусқа» үміттілердің тізімін  таныстырды. Көпшілікті жүлдеден дәмелі картиналардан гөрі, аққұба бикештің көз тартарлық келбеті қызықтырғандай...

Гаррет Хедлунд, Кристен Белл мен Элфри Вудард сынды жұлдыздармен бірге, «Алтын глобустың» ең жауапты кешін жүргізуге келісім берген Шэрон Стоун тым құлпырып кеткен. Көпшілік актрисаның мінсіз мүсініне таңданып жатты.

Джессика Честейн, Мэрил Стрип, Мишель Уильямс, Марго Робби, Эмма Стоун сынды айтулы актрисалар – «Үздік актриса» атағына тайталаспақ. Ал, кіл мықтылар ішінен оқ бойы оза шығуы ықтимал актерлар тізіміне Дэнзел Вашингтон Том Хэнкс, Гэри Олдман, Джеймс Франко және Хью Джекман сынды серілер енген.

«Үздік режиссерлар да» «Алтын глобус» - қа қол жеткізу үшін барын салмақ. Бірақ, бұл қатарға нәзік жандылардың бірде-бірінің есімі енбей қалғаны көпшілікті қынжылтты.

Гаррет Хедлунд, актер:

- Бүгінде әйел режиссерлердің еңбегі ерен! Мен бұған дейін, Ди Риис түсірген фильмде ойнадым. Оның командасы жанын салып жұмыс істейді. Сондықтан, лайықтылары көп-ақ еді. Әттең, бірде бірінің есімі аталмады.

«Үздік анимациялық туындылар» қатарына - «Коконың құпиясы», «Босс – молокососс», «Добытчица», «Фердинанд» сынды мультфильмдер енген.

Жеңімпаздар есімі келер жылдың 7-ші қаңтарында, салтанатты жиында аталмақ.