Жас актриса әрі спортшы Мөлдір Мекенбаеваның жұлдызының жануының құпиясы қандай?

Сообщить о проблеме с эфиром

Келесі кейіпкеріміз де өнер мен спорттан кенде емес! Ол джиу-джитсудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, модель әрі жас актриса – Мөлдір Мекенбаева. Санаулы уақытта жұлдызы жанып, жанкүйерлері күрт өскен ару жайлы Серік Ноянбайұлы баяндап береді.

Мектепті алтын белгімен аяқтап, Назарбаев университетінің тәлімгері атанған Мөлдір Мекенбаева небәрі 20 жаста. Талдырмаш ару екі жыл қатарынан, джиу-джитсудан әлем чемпионатының жеңімпазы атағын және күміс жүлдесін еншілеген. Енді, отандық кино саласының шыңына шығуға ниетті.                  

Мөлдір Мекенбаева, актриса, джиу-джитсудан ҚР спорт шебері:                     

 – Бір жарым жылдың ішінде үш фильмге түстім. Үшінші фильмге түсіп жатырмын, ол сериал. Бірінші фильм «Любовь по наследству», ол кинотеатрларға шықты, екіншісі «Путешественник» ол құдай қаласа шығады...                                    Асқар Ұзабаев режиссерлік еткен телехикаяда, жас актриса Қарасай батырдың жары Бибігүлді сомдайды.

Мөлдір Мекенбаева, актриса, джиу-джитсудан ҚР спорт шебері:

– Кейде атқа мініп шабамын, төбелесетін жерлері де бар... Сондықтан, джиу-джитсу маған өте қатты көмектесті деймін.

Спорт пен кино саласындағы жетістіктері Мөлдірге танымалдыққа жол ашқан. Жанкүйерлерінің саны артқан сұлу, түсірілім мен кастингтерге жиі шақырту алады екен. Дегенмен, қазақша, орысша, ағылшынша еркін сөйлейтін оның негізгі мақсаты мынадай.                                                                            

 Мөлдір Мекенбаева, актриса, джиу-джитсудан ҚР спорт шебері:

 -Екі, үш жылда мен университет бітіремін. Өз ойым шет елге магистратураға түсу, дайындалып жүрмін... Келесі жылы Азия ойындары болады Индонезияда, әлем чемпионаты болады Швецияда. Барлығына дайындалу керек.

Мөлдір үйдегі үш қыздың кенжесі! Туған әпкесі  Әйгерім де джиу-джитсумен шұғылданады. Ол таяуда Азия және Мұхитаралық чемпионатты жеңіп алды.

Төлеген Құмаров, Бразильдік джиу-джитсу және грепплингтен Қазақстан федерациясының президенті:

-«Арлан Грип» секілді сайыстарымыз жас спортшыларға көп мүмкіндік ашады. Джиу-джитсудан шыққандар бүгінде шоу-бизнес, ММА және кино саласында көптеп жүр. Олардың жетістігіне тек қуанамыз!

Тәртіпке үйретіп, логиканы шыңдайтын кез-келген спорт, Мөлдір секілді талай жастың бағын ашары сөзсіз. Тек арман мен еңбек қажет дейді білетіндер!