Өкпем қара қазандай! Ерлан Көкеев жолжүгін бүлдірген әуе компаниясын жазалауға мықтап кіріспек!

Сообщить о проблеме с эфиром

Жолжүгі бүлініп, әлеуметік желі арқылы әуе компаниясына  шағымын білдірген Ерлан Көкеевтің ашуы әлі тарқар емес. Енді музыкант, кінәлілерден миллиондап өтемақы талап етпек. Шу шығарған өнерпаз, елдің артық сөзінен де қорықпаймын дейді.

Өнердегі достарынан оңтүстік астанаға арнайы шақырту алған Көкеев мырза, әуежайда келеңсіз оқиғаға тап боламын деп ойламаған. 25 жылда мұндай сұмдықты көрмеппін деген музыкант, заттарын дін-аман жеткізбеген әуе компаниясын заңмен тиісті жазалаймын деген райынан қайтар емес.

Ерлан Көкеев, музыкант:

-Қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Заң бойынша білімім жеткіліксіз болғандықтан, бұл мәселені сол саланың мамандарына тапсыруды жөн көрдім. Бірақ, мұны жайдан жай қалдырмаймын. Тіпті, кінәлілерден қомақты өтемақы сұрамақпын.

Қымбат гитарасының қорабы бүлінген әншіні, желі қолданушыларының бірі «жүгіңе өзің ие болуың керек еді» деп айыптаса, екіншісі «ең бастысы аспаптан ақау шықпаса болды емес пе?» деп жазғыруда.

Ерлан Көкеев, музыкант:

- Кім не десе о десін, жұрттың сөзіне назар аудармаймын. «Керуен көшеді, ит үреді». Маған бәрі бір, әркімнің өз ақиқаты бар.

Алматыға «К-7» тобын ерте келген әншінің жағымы жаңалығы да жоқ емес. Дарынды музыкант, бұл күндері жалықпай ұстаздық етуге де кіріскен.

Ерлан Көкеев, музыкант:

-Астана қаласында музыка академиясында сабақ беріп жүрген жайым бар. Алайда, дәрістерімнің әнге қатысы жоқ. Концерттік шараларды ұйымдастыру және менеджмент бөліміндемін.

Әрдайым арық айтып, семіз шығуды қалайтын Ерлан Көкеев, өз тобының келешек жоспары жайлы жақ ашпауды жөн көрді. Алайда, оның сөзінен ұққанымыз «К 7» ұжымы өнер сахнасынан жуық арада кетпейтіні анық...