Продюсер Жан Мұқанов Төреғалимен арадағы дауға қатысты алғаш рет пікір білдірді.

Сообщить о проблеме с эфиром

Төреғалидың басынан дау арылмай-ақ қойды! Ұлы дала баласы мен Жан Мұқанов арасындағы жанжал қайта өрши түсуде. Осы уақытқа дейін журналистерге мардымды жауап бермеген продюсер, бұл жолы атышулы әншімен қарым-қатынасы жайлы алғаш рет ашығын айтты.

Төреғалидің 5 күндік ән кешін ұйымдастыру мен артынша дүбірлі тойын өткізу дәл осы Мұқановтың идеясынан туындаған. Алайда, концерттің соңғы күнінде Ұлы дала баласы мен продюсер арасында түсініспеушілік туындайды. Әншімен жанжалдасқан Жан, ақыры Төрештің тойында бой көрсетпеді.    

Жан Мұқанов, продюсер:

-Рас бұзылды. Енді, менсіз де сол той жақсы өтті ғой. Рас жағдай қиын болды. Екі жыл болды бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға, қазіргі уақытта жұмыс істемейміз.

Қос тараптың қарым-қатынасына нүкте қойылғанымен, Жан Мұқанов Төреғалиді жылдың үздіктерін таңдайтын жобаға арнайы шақырған. Алайда, Ұлы дала баласы бұл ұлттық музыкалық марапатқа қатысудан бас тартыпты.

Жан Мұқанов, продюсер:

-Төреғалиға ұсыныс берілді. Өзі айтты, онда бір гастроль деді ме, бір нәрсесі болды да. Не болса да ол әртіс, үлкен деңдейдегі әртіс. Бірақ, өзі бола алмаймын деді. Бұл жерде маған Төреғали ұнамайды, ұнайды деп, олай болмауы керек.

Иә, Төреғали мен Жан Мұқановтың жанжалы осымен аяқталды. Айта кетейік, Ұлы дала баласымен жұмыс жасаған жұлдыздардың ортақ жобасы табысты болғанымен, атышулы әнші әріпестерімен қырғи-қабақ болып қоштасуды әдетке айналдырғандай.

Мәселен, Ерке Есмаханмен жазылған сәтті дуэттің соңы да, дәл осындай даулы мәселемен тәмәмдалған-ды. Ал, жуырда ғана Төрешпен су жаңа клиптің тұсауын кескен Мөлдір Әуелбекова, оның Павлодардағы ерсі қылығын тағы бір мәрте есіне алды. 

Мөлдір Әуелбекова, әнші:

-Мен оны дұрыс жасады деп қоштамаймын. Бірақ, бас тартып, болды сенімен жұмыс жасамаймын деп те айта алмайды екенмін. Жеке өз басыма жаманшылық жасаған бала емес. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды...»