"Мумий троль" отандық комедияға саундтрек жазды. Киногерлерге топқа қанша қаржы төледі?

Сообщить о проблеме с эфиром

Фархад Абдраимов отандық киноқоржынға тағы бір комедия қосты. Бұл жанрдағы қалыптасқан қағиданы бұзып, басты рөлге кіл кəсіби емес актерларды бекіткен. Есесіне, фильмнің саундтрегін орындаған "Мумий трольге", Алматыда бейнебаян таспалап беруге қаржысын аянып қалмақ емес.

Фильмнің атына қарап, махаббат хақындағы кезекті қарабайыр комедия деп топшалауыңыз мүмкін. Расында, алып-ұшқан албырт сезім де, оның отына күйіп-жанған кейіпкерлер де некен-саяқ. Есесіне, бір-біріне өмірлік сабақ болар тұзақ құрған жандар жетерлік.                                            

Дегенмен, қатыстырылған актердың бəрі сценарийдегі негізгі ойды көрерменге лайықты жеткізе алды деу қиын.                      

Бибігүл Ақтан, актриса:                    

- Шынымды айтсам басты рөлдегі жігіттің ойыны көңілімді көншіте қоймады. Оның харизмасы жоқ. Неге мұндай актерды  таңдағандары түсініксіз.

Расында, картинаға режиссерлік еткен Александр Гольцевке де, бас кейіпкерлерді сомдаған Əлішер Төлтаев пен Марина Королевалар үшін де бұл дебюттік жұмыс.                                          

Комедияның басты рөлімен қатар, продюсерліктің де жүгін қоса арқалаған  Фархад Абдраимов, түсірілім барысында барынша үнемшіл болуға тура келгенін айтады. Себебі, картина бюджеті постпродакшмен қосқанда небəрі 100 мың доллардың айналасында болған.                                                 

Фархад Абдраимов, актер, продюсер:                                            

- Достарымыздың қолдауы мықты болды.  Максим Акбаров, Ерболат Тоғызақов, Роман Альманскийлар тіпті тегін түсті десек болар. Бюджеттің аздығы көп дүниеге қолбайлау болды.

Есесіне, түсірілім тобы саундтрек үшін біраз қалтадан қағылмақ.  Себебі, " Мумий трольдің" " Это по любви" трегін - фильмнің басты музыкасы ретінде таңдап алыпты.    

Қарымтасын биыл жазда, топқа Алматыда бейнебаян таспалап берумен қайтарады.