Жалғыз кадрмен түсірілген «Регистратор» картинасының тұсауы кесілді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Көліктің ішіндегі бейнежазушы камераға түсірілген «Регистратор» комедиясы да, келешекте түрлі марапаттар алар деп сенеміз. Картина авторлары үлкен кинодағы дебютін, осындай эксперименталды жобадан бастауды жөн көрген. Жалғыз план көрерменді жалықтырмай ма?! Ең көп қаламақы алған актер кім?! Серік Ноябайұлы анықтап көрді.

«Регистратор» комедиясы заманауи қазақ киносындағы тың эксперимент. Бір кадрмен, көрерменді жалықтырып алмау біз үшін нар тәуекел дейді авторлар.

Мейірхан Шерниязов, режиссер, актер:

– Бір сағат 20 минут көрерменді ұстап отыру үшін, біз бастапқыдан ойлап қойғанбыз ондай жағдайды, сценарийге көп көңіл бөлдік. Әзіл жағына да көп көңіл бөлдік, сондықтан бір кадр екені сезілмеуі керек.

Мейірхан Шерниязов, Мейіржан Түребаев, Медет Аманбаевтар тай-құлындай тебісіп өскен үш досты ойнайды. Басты кейіпкер Ержан, қымбат көлігі бар кәсіпкердің жүргізушісі атанған сәттен, шытырман оқиғалар басталады. Эпизодтық рөлдің бірін актер Әбу-Насыр Серіков сомдаған.

Әбу-Насыр Серіков, актер:

– Съемкада жүрген кезде хабарласып, соның арасында келіп түсіп кеттім енді, көп болған жоқ… Мұндай фильм бізде әлі түсірілмеген, осы жігіттер алып келіп отыр, Менің ойымша, мұны қызығып та көруі мүмкін, қызғанып та көруі мүмкін.

Отандық кино нарықта бүгінде бәсекенің қыза түскені анық. Жігіттердің дебюттық туындысын мақтаған Әбу-Насыр, бұл картинадағы қаламақысы қымбат актер атанған көрінеді.

Мейіржан Түребаев, актер:

– Ең қымбат Әбекең, біздер тегін түстік.. Неге екенін мынау фильмге біз сенімдіміз, касса шығады, адамдарға ұнап кетеді деп фильм.

Бюджеті аса қомақты болмаса да, жаңа бағыттағы комедияны 9-күнде таспалаған авторлар, пайда табу басты мақсат емес дейді. Картинаның алғашқы көрермендері де, шынайы әсерлерін жасырып қалған жоқ.

Еркебұлан Мырзабек, актер: 

– Сәтсіз шығады-ау дегенге 60-пайыз сеніммен келдім... Бір жарым сағат көрерменді ұстап тұрама екен деген үреймен келдім. Бірақ, достарым болған соң айтып тұрған жоқпын, шынымен көрермен ретінде өте сәтті шықты...

«Регистратор» картинасы 20-наурыздан бастап, еліміздің кинотеатрларында көрерменге ұсынылады!