Қайрат Нұртас 10 жылдық құпиясын алғаш рет ашты!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазіргі таңда қазнетте қызу талқыға түскен тақырыптардың көшін, Қайрат Нұртастың жанұясы жайлы жаңалықтар бастап тұр. Осы уақытқа дейін, отбасын көпшілік көзінен тасада ұстаған әнші үшін, 10 жыл бойы олар жайлы тіс жармау оңайға соқпаған. Енді, Хитмен құпияның барлығын ашуға дайын.

Қайрат үшін бұл күннің орны ерек! Өйткені өнер иесі 10 жылға жуық жұбайы мен балалары жайлы, ешбір жанға тіс жармаған еді. Алматыда жанұялық концертін өткізген әнші, бұл сәтті ұзақ күткенін айтады.

Қайрат Нұртас, әнші:

-Бұл концертке жанұяммен шыққан себебім, жұртқа жанұямды таныстыру болды. Жанұямды таныстырдым, отбасымды көрсеттім, 10 жыл жасырған әйелімді көрсеттім. Енді халықтың алдында бетім ашық. Құдайға шүкір енді күнде суретке түсіп, күнде мақтанамын.

Олай болса, жанұясымен жақынырақ танысайық. 10 жыл жасырған жұбайы Жұлдызды бүгінде жұрт жақсы таниды. Мына кішкентай бұрымды Қайраттың тұңғышы - Сезім. Осы жылы 10 жасқа толады. Екінші қызының есімі Алау! Бос уақытында би өнерімен шұғылданады екен. Анасынан аумай қалған Нарұл, жарасамды жұптың үшінші баласы. Хитменнің кенжесі - Хан есімді балақай, әкесінің аузынан түсіп қалғандай. Ал, немерелерін сахнаға шығару продюсер Гүлзира Айдарбекованың идеясынан туындапты.   

Гүлзира Айдарбекова, продюсер:

-Балалар сол концертке барасыңдар деген күннен бастап, өздерінің талғамымен... Жаңағы біреуі би, біреуі пианиносын, біреуі әнін дайындап, бәрі өздерінің қалауымен бізден бұрын дайындалып, әкесіне өздерінің көмегін тигіземіз деп, жүгіріп, немерелерім де қуантты.

Қайрат Нұртас, әнші:

-Әке болып үйде отырғың келеді. Ақыл айтқың келеді. Отбасыңмен бірге әрқашанда қастарыңда болғың келеді. Біреу айтқан екен: «Тракторист болса да, күйеуім күнде қасымда» - деп. Сол сияқты мен де күнде қастарында болғым келеді.

Бірақ, қос астанамызда қатарынан 4 концерт өткізген Қайраттың демалуға уақыты тапшы. Таяуда ғана Мәскеулік тыңдармандарын тәнті қылған қазақ баласы, жақын күндері Түркия еліне жоспарланған ән-сапарға аттанбақ.

Қайрат Нұртас, әнші:

-Мәскеуде кеш өте тамаша өтті. Жақсы қабылдады. Мыңға жуық адамдай болды. Өзіме қатты ұнады. Құдай қаласа жақында Стамбул, Анкара, Анталия қаласына сапарға шығамын.