Головкин-Альварес жекпе-жегінің сатылған билеттерінің ақшасы кері қайтарылуы мүмкін!

Сообщить о проблеме с эфиром

Головкин мен Альварестің қарымта жекпе-жегінің айналасындағы дау-дамай, күн санап өрши түсуде. Допингпен ұсталып,  уақытша шеттетілген «Канелоның» тағдыры жақын уақытта шешілмек.  Ал, 5-ші мамырға жоспарланған бокс кешінің сатылған билеттерін, қайтарып алу басталды деген БАҚ беттеріне ақпарат та шықты. 

«Тойдың боларынан, боладысы қызық...» Головкин мен Альварес екінші жекпе-жек өткізеді деген ақпарат расталған тұста, әлемдегі бокс жанкүйерлері бөркін аспанған атып қуанған еді. Себебі, орта салмақтың қос серкесі – рингте нағыз майдан көрсетуге қауқарлы спортшылар. Екеуінің алғашқы айқасында төрешілер бұра тартып тең есеп тіркесе де, қарымта кездесуден жұрт шын мықтының анықталуын асыға күтті.

НВО телеарнасы жарнама науқанын қызу іске қосып, қос спортшының промоутерлік компаниялары 5 мамырдағы жекпе-жек жайлы, жаһанға жар салуға көшті. Сатылымға шыққан билеттерді жұрт санаулы минуттарда-ақ тып-типыл еткен. Енді, Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді деп жоспарланған бокс кешінің басына қара бұлт төніп тұр. Бұған себеп, «Канелоның» қанынан алынған дпоинг-сынаманың оң нәтиже көрсетуі.  

Невада штатының Атлеттік комиссиясы «кленбутерол» пайдаланған «Канелоның» тағдырын 18-ші сәуір күні шешеді. БАҚ беттерінде бокс кешінің сатылған билеттері кейін қайтарылмақ деген ақпараттар жүр. Головкиннің командасы 5-мамырда Альваресті алмастыруы мүмкін былғары қолғап шеберін іздестіруде екен. Жекпе-жек жоспарға сай өтпесе, ұйымдастырушылар мен жанкүйерлер миллиондаған долларға шығындалмақ.