Жалғас Жұмағұлов қарсыласы Тайсон Нэмды ұпаймен ұтты!

Сообщить о проблеме с эфиром

АҚШ пен Еуропалық ММА өкілдері үшін треш-ток ұғымы қалыпты үрдіс. Бұл жарнама мақсатында қарсыласты жекпе-жек алдында сөзбен мұқату, кейде тіпті мазақтау ... Бірақ, Жалғас Жұмағұлов есімді сарбазымыз ондайды кешірмейтінін, күні кеше Алматы Аренада дәлелдеді... Толығырақ Серік Ноянбайұлы айтады.

 

Саят Исембаев, актер:

-Өзіме жекпе-жек өнері қатты ұнайды, қанымызда бар өнер ғой... Сондықтан біздің жігіттерге жанкүйермін.

12-мыңдық «Алматы Арена» толмаса да, FIGHT NIGHTS GLOBAL 86  турнирінің сарбаздары қолдаушысыз қалған жоқ. Алғашқылардың бірі болып, 66 келіде айқасқан қазақстандық Мұратбек Қасымбай ресейлік Ренат Ондарды екінші раунда техникалық нокаутпен ұтты. 

Мұратбек Қасымбай, FIGHT NIGHTS GLOBAL 86 жеңімпазы:

-Бірінші раундта мен қол аяқпен жұдырықтасқым келген, бірақ қарсыласымның өзі күреске кірді. Біз одан күтпедік менімен күреседі деп, ондай ой болған жоқ.

Ал, кәсіпқой бокс пен ММА-ға да шыға беретін әмбебап спортшымыз Жұман Жұмабеков, тағы бір ресейлік Никита Балтабаевты жоспары бойынша екінші кезеңде уақытынан бұрын тізе бүктірді.

Жұман Жұмабеков, FIGHT NIGHTS GLOBAL 86 жеңімпазы:

-Тренер қойған тактиканың барлығын қолдандық, іске асты бәрі, Никита Балтабаев жаман спортшы емес, өте мықты спортшылардың бірі.

Жұмандардың ізімен Даурена Ермеков Грузиялық Георгий Лобжанидзені тізе бүктірді. Әділ Боранбаев, Руслан Серікпұлов пен Сәбит Жүсіповтер өкінішке орай жанкүйеріне жеңіс сыйлай алмады. Сонымен қатар, Греплинг әдісімен күрескен Ержан Естанов, Расул Мирзаевқа өз мансабында үшінші мәрте есе жіберді.  

Бес раунд бойы тік тұрып төбелесіп, ауыр соққыларымен бір-бірін талдырып түсіруге ұмтылған Жалғас Жұмағұлов пен Тайсон Нэмнің жекпе-жегі аса тартысты өтті. Айқас алдында қазақстандық жанкүйерлерге ренжіп, «Жалғастың көзін жоямын» деген АҚШ спортшысы жеңілісінен кейін сабырлы күйде.

Тайсон Нэм, FIGHT NIGHTS GLOBAL 86 қатысушысы (АҚШ):

–Жалғас өте мықты қарсылас екен. Бес раунд бойы қарсы тұрып, соққыларыма шыдауы мені таңқалдырды.. Жекпе-жек нәтижесі әділ болды.

Сегізбұрышқа зор дайындық және үлкен жігермен шығып Тайсонды жеңген Жалғас Жұмағұлов, жақын күндердегі жоспарымен бөлісті.

Жалғас Жұмағұлов, FIGHT NIGHTS GLOBAL 86 жеңімпазы:

–Тайсонға қарсы тек алға ұмтылу керек болды. Себебі, ол қателікті кешірмейтін спортшы. Бірақ, менің дайындығым мен күш-жігерім жеңіс үшін жетті. Енді аздап демалып, анама үй салып берсем деймін.