Голливудтық актер Трейси Морган «Даңқ аллеясында» жұлдыз алды!

Сообщить о проблеме с эфиром

Комедиялық картиналар арқылы елге етене таныс  голливудтық актер Трейси Морган, «Даңқ аллеясында» арнайы жұлдызға ие болды. Өмірінің бұл тарихи сәтінен қатты әсерленген өнерпаз, тіпті есімі жазылған тақтайшаны сүйіп алған. Ол дәл осы қылығымен, аталмыш марапатты ұзақ күткенін көрсеткісі келгендей. 

Күлкілі картиналарда төбе көрсетіп, әрдайым көңілді жүретін Трейси Морган айтулы салтанатта байыптылығымен таңқалтты.

Актер, тіпті халық алдындағы айтар сөзін де алдын-ала әзірлеп келген көрінеді.

Трейси Морган, актер:

-Балалық шағымды Бруклинде өткізген мен, «Даңқ аллеясында» менің де есімім жазылса ғой деп армандаушы едім. Енді, міне айтқаным орындалып отыр. Жанкүйерлеріме рахмет. Мен сендерді жақсы көремін!

Айтулы сәтте әйгілі әзілкеш сезімге де ерік берді. Ал, Трейси арнайы жұлдызды сүйіп алған сәтінде, оның жанынан Оскар жүлдегері, Джордан Пил табылды.

Джордан Пил, режиссер:

-Трейси көптеген қиындықты басынан өткерген жан. Және ол, сөйлесіп жатып сені күлдіре де, жылата да алатын ерекше адам. Мен оған қуанышың құтты болсын дегім келеді.

Ал, салтанат аяқталған соң Морган қуанышты хабарын, әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлеріне жариялады. Актердің қылығын қалың көпшілік түсінуі тиіс. Бұл, қанша дегенімен, өнерпаздың бала күнгі арманы орындалған сәт еді.