«Бавариядан» басым түскен «Реал», Чемпиондар Лигасын ұта ала ма?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Биылғы Чемпиондар Лигасы да өз мәресіне таяп қалды. Жартылай финалдың алғашқы ойындары өткен еді. «Реал» сырт алаңда «Бавариядан» айласын асырды. Қарымта ойында немістер қандай қауқар көрсете алар екен?! Футбол мамандарының болжамы қандай?!

Соңғы екі жыл қатарынан Чемпиондар Лигасын ұтқан «Реал», биыл да сол биікті бағындырсам дейді. Бұл жетістікке қол жеткізсе, Зидан бапкер мен оның командасы футбол тарихында түбегейлі қалмақ. Жартылай финалда «Бавария» өз үйінде «Реалды» қабылдаған еді. Мюнхендіктер сапынан 28-ші минутта Йозуа Киммих есеп ашып, олар жиі әрі қауіпті шабуылдар жасауға көшті.

Дегенмен, есін жиған «Реал» бірінші таймның 44-ші минутында Марселоның голымен жауап қатты. Екінші ойынның қауіпті боларын білетін «Бавария» да барын салды. Бірақ, 57-ші минутта мадридтіктердің жеңіс добын немістер қақпасында тулатқан Марко Асенсио болды. Қос команданың жартылай финалдағы қарымта ойыны 1-ші мамыр күні Испания астанасында өтпек.

Ағылшындық «Ливерпуль» болса, қонаққа келген «Романы» 5:2 есебімен тізе бүктірген еді. Бұл кеште дубль жасаған Мохаммед Саллах, матчтың үздік ойыншысы атанды. Дегенмен, италиялық аяқдопшылардың өз алаңында мықты ойнайтыны белгілі. Қос ұжымның қарымта матчты мамырдың 2-інде Римде болады. Әзірге, Чемпиондар Лигасының ақтық сынына кімдер өтіп, қай команда алтынды еншілейтіні белгісіз.