Дастан Оразбеков жаңа бейнебаян түсірді!

Сообщить о проблеме с эфиром

Ал, тыңдармандарымен кездесе қалса, құрғақ уәдемен құтылатын Дастан Оразбековтің, көпшілікке қарауға беті жоқ! «Ордалық» әнші әр сұхбатында бейнебаян түсіретін айтқанымен, сөзінде тұрмай келген екен. Осы уақытқа дейін сертінен тайқып жүрген сері, енді іске көшіпті...

«Көк аспан» – Оразбековтің репертуарындағы кеңінен таралған тректердің көшін бастап тұр. Әннің дарыққа шыққанына бір жылға жуықтап қалса да, бейнебаян түсіру бақыты таяуда ғана бұйырған.

Дастан Оразбеков, әнші:

-Түсірмесем болмады. Шыныменде көрерменге өте көп сөз беріп қойдым. Әне-міне түсіремін деп. Өйткені ән алдын-ала таралып кетті. Оның үстіне жақсы таралды деп айтсақ болады. Бірақ соған қарамастан менің өзімнің тактикам бойынша, қазір ән кетсе, артынан бейнебаянмен нүктесін қою керек деп ойлап тұрмын.

Айта кетейік, Қазақстанда хитке айналған трек - қырғыз композиторы Мейірбек Атабековтің авторлық туындысы. Бұл әуен біздің елде ғана емес, айыр қалпақты ағайындарға да жақсы таныс.

Дастан Оразбеков, әнші:

-Қырғыз елінде Мейірбек Атабеков өзі бір көркем фильмге саундтрек қылып жазған екен бұл әнді. Енді ол елде өзінше орындалып жатыр, бұл елде өзінше орындалып жатыр.

Түсірілім тобы «Көк аспан» клипінің қазақша нұсқасына тұщымды ойларды тоғыстырған. Дастан, тың туындысы арқылы, өмірде тосыннан болатын  тосқауылдарға төтеп бере білуге үгіттейді. 

Дастан Оразбеков, әнші:

-Өйткені әр қиыншылықтың арғы жағында жарық сәуле бар. Қуанышты сәттер бар. Бірақ соған мойымай, бой бермей, өз-өзіңді қанаттандарып, қамшылап, ертеңгі жарыққа ұмтылу керек. Клиптің жалпы мағынасы сол деп айтсақ болады.

Ал, Оразбековтің клипіне креативті көзқарасын қосып, жаңа видеоны заманауи стилде таспалау жұмыстары -  режиссер Жеңісханға жүктеліпті. 

Жеңісхан Момышев, режиссер:

-Дастанның өзінің дауысы бар ерекше, биі бар, түрі бар! Үш керекті нәрсе, оған стильді қосыңыз. Осы төрт нәрсе қалыптасып, орынына келген әнші.

Адам егер түсіне білгісі келсе, ойын өзі алып алады ішінен. Бірақ енді көп нәрсені өзінің биіне, әніне, түріне бердік. Сондықтан клип кішкене ерекше болады енді.

Бейнебаянның түсірілім жұмыстары әлі екі күнге жалғасады. Дастанның фанаттары тағатсыздан күткен клип, келер айдың басында жарыққа шықпақ!