Бейнебаяны сынға ұшыраған Ерке жанкүйерлеріне жауап берді.

Сообщить о проблеме с эфиром

Күні кеше, су жаңа бейнебаянын жұртқа таныстырған Ерке Есмаханды жанкүйерлері жауапқа тартып жатқандай... Кей тыңдарманға оның шаш үлгісі ұнамаса, екіншісі клиптің сюжетін мүлде түсініксіз дейді. Ал, әндерінің хит боларына сенімді Еркенің, бұған айтар жауабы әзір.

«Қайда?» және «Қазақ жігіт» атты әндерінің көңілді сарынына дағдыланған Еркенің тыңдармандары, арудан мұңға толы туындыны күтпеген. Алайда, су жаңа трек жарық көрген алғашқы сағатында-ақ, бірнеше мың қаралым жинап үлгерді.

Ерке Есмахан, әнші:

-Өнер адамы болған соң сол ғой енді. Қанша жыл жүре бересің, сенің «Қайдаңнан» шаршадық. Сондықтан да, халықты жалықтырып алмайық деп, солай енді бір бейнебаянда жүрдік, екінші бейнебаянда жүрдік деген сияқты.

Бұл бейнебаянды өзгерек ету үшін, Еркеге үйреншікті режиссерін ауыстыруға да тура келген. Таспалануы Ернар Нұрғалиевке табысталған туындыға, қалың көпшілік өз пікірін жаудыруда.

Ерке Есмахан болса, әлеуметтік желідегі алуан түрлі пікірге ашулануға асықпайды.

Ерке Есмахан, әнші:

-Көрерменнің, тыңдарманның маған деген талаптарын, я болмаса тілектерін ысырып қоя алмаймын. Мен қандай ән айтқым келеді, қандай бейнебаян түсірем оны өзім ғана шешемін деп ондай болмайды. Мен санасып, керісінше халықтан сұрап отырамын.

Осылайша, Есмахан адал жанкүйерлерін әлі де таңқалдырмақ. Ал, жаңа трек «хитке» айнала ма, жоқ па оны уақыт еншісіне қалдырған жөн болар.