«Хан Соло» блокбастері Қазақстанға да келді! Қашан көре алмақпыз?

Сообщить о проблеме с эфиром

Шекарасы жоқ шексіз ғарышта да контрабандаға жол бар! Көпшілік көрермен тағатсыздана күткен «Хан Соло» картинасының, басты кейіпкерлері осыған көз жеткізген. Ғарыштық опера және вестерн жанрында таспаланған бұл фильмнің ерекшелігі қандай?

«Хан Соло. Жұлдызды шайқас. Шежіре» туындысы - әйгілі киносаганың толықметрлі екінші спин-оффы. Лентаға режиссерлық еткен Рон Ховард, мамыр айындағы жаһандық премьераға үлгеру үшін, түсірілім тобы мен барша ұжымның шаңын шындап қаққан екен.

Рон Ховард, режиссер:

-Біз бар күшімізді сарп етіп жұмыс істедік. Барша әріптестеріміз, уәде етілген күнге дейін, бәріне үлгеру керектігін жақсы түсінді. Үздіксіз тер төктік. Жазғы көңілдегі жақсы бір туынды жасай алғандаймыз.

Хан Соло мен Чубакканың хикаясы, көрерменді жалықтырмайды дейді авторлары. Себебі, екеуі ұлы Ғарыш кеңістігіндегі ең үздік әрі жылдам бұзақыларға айналады. Негізгі мақсаттары - контрабанда!

Олден Эренрайк, актер:

-Бәрі бітті, ерекше толқу үстіндемін, аталмыш картинада екі жыл жұмыс істедік. Керемет уақыт... Біз картинадағы барша әріптестерімізбен «Жұлдызды шайқас» әлемінің ерекше бөлшегіне айналдық, ұмытылмас тәжірибе болады.

«Хан Соло» әлемдік айналымдағы алғашқы күнідерде-ақ қоржынын миллиондарға толтырып, рекорд орнатады деп болжайды киногерлер.

Рон Ховард, режиссер:

-Хан Соло – бірегей әрі қызықты кейіпкер. Галактикаға достарымен сапар шеккен, жас және батыл саяхатшы оқиғасы - нағыз шытырманға толы. Мен осы туындының бір бөлшегі болғаным үшін, бақыттымын. Соңғы 10 жылдағы - ең үздік еңбегімнің бірі осы лента. Көрермен күле де алады, жылай да алады.

Атылмыш туынды, Қазақстандық кинотеатрларда 25-ші мамырдан бастап көрсетілмек!